
Бұл жолы халық Қонаев қаласының әкіміне баспана, жер, пәтер иелері кооперативінің жұмысы, инженерлік желілердің тартылуы бойынша сұрақтармен жүгінді.
"Қазіргі таңда қалада "Жасыл қала Қонаев" мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорыны құрылып жатыр. "Тұрғын үйлердің шатырынан су ақты, электр желісі істен шықты" - дегендей сұрақтарды өз деңгейінде шеше алмай жатқан пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын осы кәсіпорынға жүктейміз деп жоспарлап отырмыз. Халық өткен жылы жазда бекітілген тариф бойынша ақы төлеуін жалғастыра береді. Нәтижесінде бірқатар мәселелер шешіліп, қызмет көрсету сапасы артатынына сеніміміз мол", - деді пәтер иелері кооперативіне шағымданған тұрғынға қала әкімі.
Бұдан бөлек, ол былтыр 14 тұрғын үйдің шатыры ауыстырылғанын, биыл да жұмыс жалғасатынын атап өтті.
Әкімге жолыққан келесі тұрғындар ауыз су желілерін тарту мәселесінің шешімін тауып беруді сұрады. Нұрлан Құматаев ВОХР-да тұратын халықтың сұрағын бақылауына алып, жауапты бөлімдерге тапсырма берді.
"Ауыз су құбырларын тарту үшін жоба әзірленді. Бюджеттен қаржы қарастырылса, құрылыс-монтаж жұмыстары биыл 2-жартыжылдықта басталады", - деді ТҮКШ бөлімінің басшысы Дархан Қарағонысов.
Ал баспанаға мұқтаж жұрттың сұрағына әкім биыл бірнеше санаттағы адамдарға пәтер кілтін табыстау жоспарланған деп жауап берді.