
Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаев 2024 жылдың 1 жартыжылдығына бекітілген кестеге сәйкес, бүгін азаматтарды қабылдады.
Әкімнің қабылдауында болған азаматтың бірі - Сейілбек Маханов. 2 шағын ауданда тұратын қарттың айтуынша, көппәтерлі тұрғын үйдің шатырына күрделі жөндеу қажет. Оның үстіне, кәріз-тазарту жүйесінде де мәселе бар.
"Шағымыңыз қабылданды. Биыл бірнеше көпқабатты үйдің шатырын жөндеуден өткізуді жоспарлағанбыз. Сол жоспарға сіз тұрып жатқан үйді де кіргізейік. Ағымдағы жөндеу, күрделі жөндеу, қайсысы қажет болса да, алдымен құжаттарын ретке келтірейік. Кейін құрылыс жұмыстары басталады. "Қапшағай су арнасы" мекемесі мен қалалық ТҮКШ бөлімі ертең үйдің кәріз жүйесіне не болғанын анықтап, мәселені шешеді", - деді қарияға жауап берген қала әкімі.
Ал Нағашыгүл Далбаева 10 шағын ауданда жол нашар екенін, көшеде жарық жоқ екенін айтты. Бұдан бөлек, көпбалалы ана жер алу бойынша кезекке тұрған.
"10 шағын аудандағы жол жасалып жатыр. Құжаттарын былтыр дайындадық. Жақын арада аяқталуы тиіс. Көшедегі жарық та жөнделеді. Жер мәселесіне келсек, көпбалалы аналарға былтыр 40 жер берілді. Осылайша, мәселе кезең-кезеңімен шешілуде", - деді Нұрлан Құматаев.
Аталғандардан басқа, бірнеше адам үй алу мәселесі жайлы сөз етті. Шаһар басшысы кезектің автоматты түрде, электронды ақпараттық базада жылжып жатқанын айтып, алдағы уақытта бірнеше санат бойынша үйлер беру жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.
Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі