
Қонаевта мүмкіндігі шектеулі балалары бар және көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілетіні жайында жиын өтті.
Басқосуға қала әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева, еңбек және халықты әлеуметтік қолдау департаментінің басшысы Айдынжан Нарматов, қалалық мансап орталығының директоры Қанат Ақшолақов, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ернұр Абдалиев, прокурор Айбек Ділдабаев қатысты.
Ең алдымен мансап орталығының маманы Балым Тұрегелдіқызы жұмыссыз азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыру үшін қолға алынған шараларды айтты. Бұл санатқа қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары, «Күміс жас» жобасы, алғашқы жұмыс орны секілді 6 тұрақты жоба кіреді. Әрқайсының шарттары мен өзіндік ерекшеліктері бар.
Сондай-ақ жиында атаулы әлеуметтік көмек жайлы да сөз етілді. Аталған көмек 2 негізде беріледі. Оның бірі – шартты ақшалай төлем болса, екіншісі – шартсыз ақшалай төлем. 2023 жылы Қонаевта 1428 адамға АӘК тағайындалған.
Елімізде жастарды, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 2,5 пайыздық шағын несие және 400 АЕК көлеміндегі гранттар ұйымдастырылған.
Мамандар жоғарыда аталған көмектерді қалай алуға болады деген сұрақтарға жауап берді. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева мүгедектігі бар балаларды тегін емдету жолдары туралы атап өтті. Ол үшін елімізде МӘМС жүйесі енгізіліп, бірнеше оңалту орталықтары ашылған.
Басқосуда тұрғындардың шешілмеген жекелеген сұрақтары қала әкімдігінің бақылауына алынып, ұсыныс хаттар әзірленбек.
Азаматтар кез келген сұрақ бойынша мансап орталығына жүгіне алатынын естеріңізге сала кетейік. Мекенжайы: Қонаев қаласы, 1 ш/а, 41 а/1 үйі.