Қонаевтың сүйіп тыңдаған әндері: шаһарда еске алуға арналған концерт өтті

Қонаевтың сүйіп тыңдаған әндері: шаһарда еске алуға арналған концерт өтті

Мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың туғанына 112 жыл толуына байланысты қалалық Мәдениет үйінде концерт өтті.

Салтанатты кеш "Д.Қонаевтың сүйіп тыңдаған әндері" тақырыбында ұйымдастырылды. Шараға арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет Димаш ата жайлы естеліктермен бөлісіп, халық арасында оның әлі де қадірлі, ардақты екенін айтты.

"Есімі аңызға айналған тұлғаның ел үшін атқарған қызметі ұшан-теңіз. Оның бойындағы қарапайымдылық, жауапкершілік, ақыл мен парасат-пайымы, соңына қалдырған сара сөздері кейінгі ұрпақ үшін өшпес өнеге, рухани азық. Халық «Димекең» деп құрметтеп, өмірінің соңына дейін ардақтап өтті", - деді ол өз сөзінде.

Марлан Жолдахмет Димекең ел билеген тұста орын алған оң өзгерістер жайлы да сөз етті.

"Дінмұхамед Ахметұлы арқасында Қазақстанның өнеркәсіп, оның ішінде түрлі-түсті металлургия саласы жоғары деңгейде дамыды. Бүкілодақтық көлем бойынша мыстың үштен бір бөлігі, қорғасынның 70%-ынан астамы, мырыштың 40%-ынан астамы қазақ жерінде өндірілді. Қонаев атамыз ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кентімен 43 қала пайда болды. Оның ішінде, өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық және Қапшағай қалалары салынды", - деді қала әкімінің орынбасары.

Қонаев қаласы облыс орталығы болғалы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге екі мәрте іссапармен келді дей келе, Марлан Жолдахмет қаладағы жаңалықтар туралы айтты.

"Қазіргі таңда Қонаев қаласы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен облыс орталығы мәртебесін иеленіп, жаңа кейіпке енді.
Екі мәрте Президенттің өзі келіп, қаланың даму қарқынына жоғары бағасын берді. Келешекте облыс орталығы Бас жоспарға сәйкес өркендеп, заман талабына сай «Ақылды қалалардың» санатына қосылатынына сенім зор. Тек 2023 жылы өнеркәсіпте 155,4 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, негізгі капиталға 74,5 млрд. теңге инвестиция тартылды. 1300-ден астам адам жұмыспен қамтылды", - деді ол.

Ресми бөлімнен соң ақындар ата рухына арнау оқып, әншілер Қонаев жайлы жырлады. Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың сүйіп тыңдаған әндері шырқалды. Мәдениет үйінің кіреберісінде сурет көрмесі ұйымдастырылды. Жалпы қала жұртшылығы бұл күнді ерекше мейіріммен, ілтипатпен атап өтті.