
Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова, прокурор Айбек Ділдәбаев, жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға инспекторы Темірлан Сатыбалдинов, мектеп директорлары, білім бөлімінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскері Кәмшат Қалибекова, аналар кеңесінің төрайымы Дәметкен Нүсіпбекова, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Базарбай Оралбаев, кеңес мүшелері қатысты. Басқосуда тұрмыстық зорлық-зомбылық, құқықбұзушылық, суицид секілді мәселелер талқыланды. Өз кезегінде білім бөлімінің мамандары оқушыларға шұғыл эксперименталды-психологиялық көмек көрсететін жұмыс топтары құрылғанын айтты. Сондай-ақ келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін әлеуметтік желілерге ай сайын мониторинг жасалатыны айтылды. Қалада «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы өтіп жатқаны жайлы да ақпарат берілді. Аталған науқанның мақсаты – отбасыдағы, қоғамдағы мәселелерді жан-жақты сараптап, шешімін табу, кәмелетке толмағандардың жиі ұшырасатын проблемаларын айшықтау. «Барлық оқу ошақтарында кәмелетке толмағандар арасында орын алған құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық, қатыгездік фактілерін тіркеу жөніндегі нұсқаулық журналдар жүргізіледі. Мектептердің интернет-ресурстарына, бұқаралық ақпарат құралдарына Call орталықтың нөмірі, 111 сенім телефоны жарияланып, «Сенім жәшіктері» орнатылған», - деді Кәмшат Қалибекова. Жиын барысында қатысушылар білім бөлімінің мамандарына сұрақ қойып, түйткілдердің түйінін тарқату бағытында кеңес берді. Ал қала әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова сәтсіз отбасылармен жұмыс істеу алгоритмі жайында түсіндіріп, осы тәсілді көбірек қолдану керек екенін атап өтті. Айта кетейік, қалада 16 мектеп бар. Оның ішінде, шаһардың өзінде 8 мектеп, Заречный ауылдық округінде 2 мектеп, Шеңгелді ауылдық округінде 5 мектеп, біреуі - жеке меншік білім ошағы.