
Алматы облысындағы басты шаһарда қысқы маусымға дайындық белсенді жүріп жатыр. 1 желтоқсаннан бастап коммуналдық қызмет көрсетуші компаниялар күшейтілген тәртіпте жұмыс жасамақ, деп хабарлайды Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. Бүгін "Қонаев Тұрғын үй" ЖШС техникаларының қатарына қар тазалауға арналған 2 көлік қосылды. "Бұл көліктер жалға алынып жатыр. Қосымша тағы 4 техника алуды жоспарлаудамыз. Жалпы қыс маусымында 16 көлік қызмет етеді. Оның қатарында көктайғақ болмауы үшін құм, тұз себетін, қар шығаратын, көпқабатты үйлердің шатырында қатқан мұзды тазалайтын және т.б. техникалар бар. Бүгінде 500 тонна инерттік материал сатып алынған. Қысқа толығымен дайынбыз", - деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асхат Жексенбеков. Бұдан бөлек, қыста күнделікті 30 адам жұмыс жасайтын болады. Айта кетейік, қалаішілік жолдың ұзындығы 306 шақырымды құрайды.