
Қазіргі таңда Қонаев қаласында 60 мыңға жуық адам тұрады. Бас жоспарға сәйкес, шаһар аумағы 19 мың гектарға үлкейтіліп, есептік 2050 жылға дейін халық саны 200 мыңға жетпек. Жоспарды іске асыру кезінде жалпы ауданы 2 538,2 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй бой көтермек.
Бүгінде жеке инвестор мен бюджет қаражатына салынып жатқан көпқабатты үйлер аз емес. Соның бірі - 4-шағын аудандағы "Сан сити" кешені. Бұл тұрғын үй 12 қабаттан, 3 бөліктен тұрады. Жалпы ауданы - 23 000 шаршы метр, мұнда 360 пәтер бар. Жеке инвестор - "KazSMU" ЖШС-нің қаржысына тұрғызылып жатыр. Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталған.
Бұдан бөлек, Қонаев көшесінің бойында "Маяк" тұрғын үй кешені бой көтеруде. Ауданы - 15 736 шаршы метр, пәтерлер саны - 216. Үй аумағында жаттығу залы, кафе және жазғы терраса, супермаркет салынады деп жоспарланған. Жеке инвестордың қаражатына тұрғызылатын бұл үйдің құрылысы ендігі жылы аяқталады деп күтілуде. Дәл осы көшеде "R&M Construction" ЖШС "ARISTOCRAT" тұрғын үй кешенін салып жатыр. Жалпы ауданы 54 528 шаршы метр болатын үйде 552 пәтер болады.
Ал бюджеттің қаржысына "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 10-шағын ауданда 60 пәтерлі 3 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Ауданы - 15 336 шаршы метр, пәтерлер саны - 180.
Айта кетейік, халықты баспанамен қамту мәселесі әрдайым әкімдіктің назарында қала бермек.