Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары

Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Мемлекет басшысының жолдауы аясында Алматы облысының аумақтық дамуы туралы және «Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы» туралы мәлімдейді.
Бір жыл бұрын Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына көшірілді. Облысымыз бүгінде қарқынды даму үстінде.
2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары бойынша барлық салаларда тұрақты өсім қамтамасыз етілді. Жалпы өңірлік өнім 4 трлн. 249 млрд. теңгеге жетіп, 106,3% өсім көрсетті, бұл – республика бойынша 3 орын.
Ағымдағы жылдың төрт айында да өсу қарқыны сақталды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10,7%-ға, сауда – 20,7%-ға, құрылыс жұмыстары - 1,8%-ға, ауыл шаруашылығы - 0,6%-ға өсті.
Облыс алдында тұрған барлық міндеттердің ішінде негізгі үш мәселе бар, біздің барлық күш-жігеріміз соған бағытталған.
Олар:
1. Қонаев қаласын дамыту;
2. Агломерация аймағындағы өзекті мәселелерді шешу;
3. Халықтың табысын арттыру.
Облыс орталығын дамыту мәселесінде, Қонаев қаласының Бас жоспары мен 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары жобасы әзірленуде, ол қазіргі уақытта мемлекеттік органдарда келісу рәсімінен өтуде.
Облыстың жалпы өңірлік өнімінің үштен бірін өнеркәсіп өнімі құрайды. Ал, экспортқа бағдарланған өңдеу саласының үлесі 90%-ға жетті немесе 503 млрд.теңге.
Өз кезегінде, өңделген өнімдер экспорты 20%-ға өсіп, шамамен 600 млн. АҚШ долларын құрады (2022 ж. 11 ай).
Болашақта «G-4 City» серіктес қалалары мен Қонаев қаласын қоса алғанда, агломерация ауқымы 100 км-ге дейін кеңейіп, 4 млн. халықты қамтитын болады.
Сондықтан біз қазірден бастап, маятниктік көші-қонды азайту үшін облыс тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашуды қолға алдық. Биылғы жылдың маңызды оқиғасы «G4 City» аумағында еліміздегі ең ірі - ауданы 30 мың гектар болатын арнайы экономикалық аймақтың құрылуы болды. Жобаны толық іске асырған жағдайда 3,7 трлн. теңге инвестиция, 3,2 трлн. салық түсімдері және 34 мың жұмыс орнын ашу күтілуде.
Өткен жылдан бері шетелдік және отандық инвесторлармен 40-тан астам іскерлік кездесулер өткізіліп, 462,5 млрд. теңгеге 50 меморандум мен келісімдерге қол қойылды.
Олардың ішінде ең маңыздылары:
- «Жетісу Вольфрамы» «Богуты» вольфрам кен орындарын игеру (134,4 млрд.тнг, 350 жұмыс орын);
- «ТехноНИКОЛЬ» зауыты (43,8 млрд.тнг, 220 ж/о);
- қарқынды бақ салу, сақтау және өңдеу бойынша «SSA Fruits» компаниясы (32,8 млрд.тнг, 199 ж/о);
- «Fruit Art» сублимациялық зауыты (42,8 млрд.тг, 247);
- балмұздақ өндіретін «Шин-Лайн» зауыты (1,2-кезеңдер) (33,4 млрд.тнг, 590 ж/о). Осындай жобалардың арқасында экономика тиімділігінің негізгі факторы болып табылатын, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1,4 есеге өсіп, 128 мыңнан асты.
“Ел сенімін ақтау үшін, Алматы облысының әлеуметтік –экономикалық, және руханияты мен мәдениеті деңгейін арттыру үшін, қоғам мен халықтың оң бағасын алу үшін, өңірдегі жергілікті органдар қызметкерлері аянбай жұмыc атқаруда”- деген сенімді сөзімен шараны аяқтады Марат Сұлтанғазиев.