Айбынды әскер - тәуелсіздік тірегі

Айбынды әскер - тәуелсіздік тірегі

Қонаев қалалық кітапханасында «Қарулы күштер – ел қорғаны» атты кездесу кеші болып өтті. Оған Қапшағай гарнизонындағы әскери бөлімдер мен мекемелердің әскери қызметшілері және № 4 орта мектептің кадет сыныбында оқитын оқушылар қатысты.

Кітапхана директоры Назым Кенжебекова құттықтау сөз сөйлеп, қаланың мәдени дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар әскери қызметшілерге ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі атынан алғыс хаттар табыс етті. Олардың қатарында 32363 әскери бөлімінің командирі гвардия подполковнигі Бейбіт Аманқалиев, әскери қызметші Жанар Акильжанова, қазақстандық бітімгерлер полкінің қызметкері Мейрамхан Қоланов, 58012 әскери бөлімінің өкілдері Әлішер Табылдиев, 3 сыныпты сержант Асан Үсербаев, сержант Жанар Оспановалар бар.

Кездесуде әскери полиция бөлімінің бөлімше бастықтары майор Бауыржан Исаханов, капитан Алмат Нұрақын, кинология қызметінің нұсқаушысы 3 сыныпты сержант Абай Телагусов оқушыларға әскери полиция бөлімінің қызметі, қырағы мамандықтың қыр-сыры туралы әңгімелеп, бейне сюжеттер көрсетті. Майор Б. Исаханов кітапханаға әскери полиция туралы кітаптарды сыйға тартты.

Шара барысында еліміздегі Қарулы Күштердің құрылу және даму тарихы туралы тың деректерді насихаттау, әскери қызметтің беделін арттыру және жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында «Қарулы күштер – ел қорғаны» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Қазақстан Республикасының Қарулы күштері» тақырыбында бейне көрсетілім көрсетілді.

Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар «Нұрбөбек» балабақшасы бүлдіршіндерінің, Арна ауылдық клубының әншісі Ақылбек Өмірзақовтың, Қонаев қаласы мәдениет үйінің әншілері Айнұр Бекбосын мен Анар Тұрсынбаевалардың өнерлеріне алғыс білдірді.

Даража Нұрланқызы Жолымбетова,

Қонаев қаласының кітапханасының

бөлім меңгерушісі