«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанда 2009 жылдан іске асырыла бастады.
Бағдарламаның басты мақсаты – ауылды аумақтардың кадр әлеуетін қажетті еңбек ресурстарымен, атап айтқанда әлеуметтік және агроөнеркәсіп кешені салаларының мамандарымен қамтуды күшейту, кадр жетіспеушілігін болдырмау.
"Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау шараларын көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы № 72 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 27 мамырдағы № 43 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 28 мамырда № 20751 болып тіркелді.
Әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін көрсетілетін қызметті алушы немесе нотариалды куәландырылған сенімхат бойынша оның өкілі (құжаттарды Мемлекеттік корпорация арқылы ұсынған кезде) көрсетілетін қызметті берушіге Мемлекеттік корпорация арқылы немесе электрондық форматта "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі - Портал) арқылы мынадай құжаттарды ұсынады:
1) көтерме жәрдемақы алған кезде:
осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш;
жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi;
жұмыс орны бойынша кадр қызметi растаған еңбек кiтапшасының көшiрмесi.
2) тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит алған кезде:
осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтiнiш;
жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
бiлiмi туралы дипломының көшiрмесi;
жұмыс орны бойынша кадр қызметi растаған еңбек кiтапшасының көшiрмесi;
сәйкестендіру үшін неке қиюды (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу туралы куәлік (некеде тұрған көрсетілетін қызметті алушылар үшін);
Кредиттік бюродан есеп;
Бюджеттік кредиттер облыстардың жергілікті атқарушы органдарына мынадай талаптарда:
теңгемен он бес жылға дейінгі мерзiмге 0,01 % мөлшерiндегі жылдық сыйақы мөлшерлемесі бойынша тұрғын үй сатып алуы немесе салуы үшiн кейіннен ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеу және тұру үшiн келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға бере отырып, кредиттiк шарттар жасасу арқылы беріледі.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысуға шешім қабылдаған мамандарға мемлекет жұмыс береді және әлеуметтік қолдау шараларын көрсетеді. Бағдарламаға қатысушыға 100 еселік айлық есептік көрсеткішке тең сомада көтерме жәрдемақы, бұл көрсеткіш 2020 жылы 277 800 теңгені құрайды, тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау – 1500 еселік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада 2020 жылы 4 167 000 теңге бюджеттік кредит беріледі.