Аталған заң мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды орындау шеңберінде қабылданған.
Заң: мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғауды жетілдіру; аз қамтылған отбасыларды кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтерді әлеуметтік қызметтер порталы арқылы алуға құжаттарды ресімдеу мақсатында қабылданды.
Заңда мынадай маңызды жайттар бар:
Бірінші. "Нұр Отан" партиясының сайлауалды тұғырнамасын іске асыру шеңберінде мүгедектік себебіне қарамастан, 1-топтағы мүгедектерге күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы енгізілді. Жәрдемақы мөлшері 2021 жылға 48 023 теңгені немесе 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейін (34302 теңге) құрайды. Жәрдемақы мөлшерін қайта қарау республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін айлық есептік көрсеткіштің немесе ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының өзгеруіне байланысты жүргізіледі. Аталған жәрдемақы бойынша сұрақтар туындаған жағдайда, "Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Алматы облысы бойынша филиалының Қапшағай қалалық Халыққа қызмет көрсету бөліміне жүгінуге болады.
Екінші. 7 жастан 16 жасқа дейінгі балалар мүгедектік топтарына бөлінеді және оларға жәрдемақының мөлшері ұлғаю жағына қарай қайта қаралады.
Үшінші. Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығы берілген. Бұл асыраушысынан айырылған және құрамында мүгедек балалары бар отбасылардың табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Төртінші. Жұмыс берушінің міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан немесе кәсіптік аурудан мүгедек болған адамдарға мемлекет есебінен техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету түрінде әлеуметтік қолдау көрсету көзделген.
Бесінші. Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың кәмелетке толғаннан кейін және бала 1 және 2-топтағы мүгедек мәртебесіне көшкеннен кейін мемлекеттік қордан тұрғын үй алғанға дейін есепте тұру құқығы сақталды. Бұл норма аталған отбасыларға кезекті сақтауға мүмкіндік береді.
Алтыншы. Мүгедек баланы күту кезеңін 18 жасқа дейін ұзарту, бұрын мүгедек баланы күту кезеңі 16 жасқа дейін болған. Бұл норма мүгедек балалардың жас топтарының өзгеруіне байланысты енгізіледі. Бұл жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен базалық зейнетақы тағайындауға да оң әсерін тигізеді.
Жалпы, заңда баяндалған нормалар мемлекеттің базалық әлеуметтік кепілдіктерді, оның ішінде мүгедек адамдарды әлеуметтік қолдау, атаулы әлеуметтік көмек және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін қамтамасыз етуінің өзекті мәселелерін көрсетеді.