1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда қамтылатын кейбір ұғымдарды түсіндіру
Осы Заңда қамтылатын ұғымдар мынадай мағынада қолданылады:
1) әкімшілік-шаруашылық функциялар – ұйымның балансындағы мүлікті басқаруға және оған билік етуге Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен берілген құқық;
1-1) жауапты мемлекеттiк лауазымды атқаратын адам – мемлекеттік функцияларды және мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін тікелей орындау үшін Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының конституциялық және өзге де заңдарында белгіленген лауазымды атқаратын адам, оның ішінде Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты, судья, сол сияқты Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік саяси лауазымды не "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымын атқаратын адам;
2) лауазымды адам – тұрақты, уақытша немесе арнаулы өкiлеттiк бойынша билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын не мемлекеттік органдарда, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды орындайтын адам;
2-1) мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам – көрсетілген ұйымдарда ұйымдастырушылық-өкімдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды тұрақты, уақытша не арнаулы өкiлеттiк бойынша орындайтын адам;
3) мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарына сәйкес мемлекеттік қызметші, мәслихат депутаты, сондай-ақ мемлекеттік лауазымда көзделген міндеттерді мемлекеттік қызметке тағайындалғанға дейін уақытша орындайтын адам;