2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ
8-бап. Мемлекеттік қызметшілердің мәртебесі және олардың құқықтық кепілдіктері
Мемлекеттік қызметшінің мәртебесі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулері бар Қазақстан Республикасының азаматы ретінде мемлекеттік қызметшінің жалпы құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет ерекшеліктеріне негізделген құқықтарын, міндеттері мен жауаптылығын қамтиды.
Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік қызметші мәртебесіне Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік лауазымға тағайындалған немесе сайланған кезден бастап ие болады және мемлекеттік қызметті тоқтатқан кезден бастап одан айрылады.
9-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң негізгі құқықтары
Мемлекеттiк қызметшiнiң:
1) Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында кепiлдiк берiлетiн құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
2) өзіне мәлім болған, дайындалып жатқан, жасалатын немесе жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жағдайлары туралы жоғары тұрған басшының және (немесе) өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының және (немесе) уәкілетті мемлекеттік органдардың назарына жеткізген жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық және өзге де қорғалуға;
3) еңбегiнiң қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажеттi еңбек жағдайларына;
4) әлеуметтік және құқықтық қорғалуға;
5) өзінің лауазымдық өкiлеттiктерi шегiнде мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiмдер қабылдауға қатысуға, тиiстi органдар мен лауазымды адамдардың оларды орындауын талап етуге;
6) лауазымдық өкілеттіктерін атқару үшiн ұйымдарға белгiленген тәртiппен баруға;
7) басшыдан мемлекеттiк қызметшi атқарып отырған мемлекеттік лауазымға сәйкес мiндеттерді және лауазымдық өкiлеттiктер көлемiн дәл айқындап беруді талап етуге;