Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 29.04.2020 № 252 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1) ипотекалық тұрғын үй қарызы - сатып алынатын жылжымайтын тұрғын үй мүлкі ипотекасымен қамтамасыз етілген тұрғын үйді сатып алу мақсатында берілетін тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесінің ипотекалық қарызы, алдын ала және аралық тұрғын үй қарыздары;
2) тұрғын үй сертификаты - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына берілетін жергілікті атқарушы органның ақшалай міндеттемесінің нысаны;
3) уәкілетті орган - тұрғын үй қатынастары саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
4) әкімші - әкіммен анықталатын жұмыспен қамту және әлеуметтік қамтамасыз ету, құрылыс, тұрғын үй қатынастары саласына жетекшілік ететін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшелері.