Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алу қағидалары
Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 15.04.2020 № 143 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
- Осы Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 69) тармақшасына, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы Заң) 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдарға күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын беру" мемлекеттік көрсетілетін қызмет (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) тәртібін айқындайды.
- Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әзірлік паспорты – энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлігін растайтын, жыл сайын берілетін құжат;
2) жүйелік оператор – орталықтандырылған оралымды-диспетчерлік басқаруды, басқа мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмыс істеуді қамтамасыз етуді, энергия жүйесіндегі теңгерімді ұстап тұруды, жүйелік қызметтер көрсетуді және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінен қосалқы көрсетілетін қызметтерді сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желісі бойынша беруді, оған техникалық қызмет көрсетуді және оны пайдалану әзірлігінде ұстап тұруды жүзеге асыратын ұлттық компания;
3) күзгі-қысқы кезең – басталуы мен аяқталуын жергілікті атқарушы органдар белгілейтін жылыту маусымы;
4) энергия беруші ұйым – шарттар негізінде электр немесе жылу энергиясын беру жөніндегі қызметті көрсететін ұйым;
5) энергия өндіруші ұйым – электр және (немесе) жылу энергиясын өз қажеттіліктері және (немесе) өткізу үшін өндіруді жүзеге асыратын ұйым.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы, Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заңнамасына сәйкес қолданылады.
2-тарау. Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алу тәртібі
- Заңның 6-бабы 11-тармағының 4) тармақшасына сәйкес қуаты 5 МегаВаттан (бұдан әрі – МВт) астам, сондай-ақ өз теңгерімінде 110 килоВольт (бұдан әрі – кВ) және одан жоғары кернеудегі электр желілері бар энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспорттарын (бұдан әрі – әзірлік паспорты) мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау жөніндегі орган осы Қағидаларға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша береді.