Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 05.01.2020 № 3 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1) адамға (отбасына) берілетін көмектің жеке жоспары (бұдан әрі - жеке жоспар) - халықты жұмыспен қамту орталығы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге жүгінген адаммен және (немесе) оның отбасы мүшелерімен бірлесіп жасаған жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) әлеуметтік бейімдеу жөніндегі іс-шаралар жоспары;
2) ассистент - Халықты жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультантқа және кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне консультациялар, әңгімелесулер өткізуге, сондай-ақ әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізуге жәрдемдесу функцияларын орындайтын жұмыскері;
3) атаулы әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым - банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар немесе "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
4) әлеуметтік бейімдеу шаралары - "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 21-бабында айқындалған мүгедектерді әлеуметтік оңалту шараларын, өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен көрсетілетін өзге де мемлекеттік қолдау шараларын қамтитын іс-шаралар кешені;