1. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 14-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына, 140-бабының 1-тармағы 3) тармақшасына, 149 және 150-баптарына сәйкес әзірленді және пайдалы қазбалар кен орындарын дайындау, геологиялық барлау, іздестіру, құрылыс және басқа жұмыстарды орындау кезінде бүлінген жерді, топырақ қабатын қалпына келтіру жобаларын әзірлеуді нақтылайды.
2. Осы Нұсқаулықта қолданылатын негізгі түсініктер:
1) аз қолданылатын тау жыныстары – өсімдіктердің өсуіне қолайсыз физикалық және (немесе) химиялық қасиеті бар тау жыныстары;
2) аршу жыныстары – ашық игеру процесінде қазып алынуға және тасымалдануға жататын пайдалы қазбаларды жабатын және өзіне сыйдыратын кен жыныстар;
3) бүлінген жер – адамның өндірістік қызметі нәтижесінде бастапқы ландшафтын және өзге құндылығын жоғалтқан немесе топырақ жамылғысының, гидрологиялық режимінің және жер рельефінің бүлінуіне байланысты қоршаған ортаға теріс әсер ету көзі болып табылатын жер;
4) жерді қалпына келтіру – белгілі бір мақсатта пайдалану үшін бүлінген жерді, оның ішінде бүлінген жердің кері әсері нәтижесінде өз құндылығын толық немесе ішінара жоғалтқан іргелес жатқан жер учаскелерін қалпына келтіруге, сондай-ақ қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған жұмыстар кешені;
5) жердің бүлінуі – топырақ жамылғысының, жергілікті жер рельефінің гидрологиялык режимінің бүлінуіне және жер жағдайының басқа да теріс өзгерістеріне әкеліп соқтыратын пайдалы қазбаларды, оның ішінде мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, геологиялық-барлау, іздестіру құрылыс жұмыстары кезінде болатын процесс;
6) жоспарлау жұмыстары – бүлінген жердің бетін тегістеу, құламаларды, карьерлердің қырларын, үйінділерін және ернеулерін тегістеу жөніндегі жұмыстар;
7) қалпына келтіру жобасы – сызбаларды, есептерді және сипаттауды, географиялық бейнелер мен негіздемелерді қамтитын техникалық, экономикалық, жоспарлы құжаттардың жиынтығы;
8) қалпына келтіру қабаты – өсімдіктердің өсуіне қолайлы қасиеттері бар жерді қалпына келтіру кезінде жасанды кұрылатын қабат;
9) қырларды тегістеу – жердің бетінднгі шөгулер мен сырғымаларды тегістеу, карьерлердің немесе карьерлік шұңқырлар үйінділерінің, қырларының және ернеулерінің бұрыштарын азайту мақсатындағы жер жұмыстары;
10) мелиоративті кезеңі – қалпына келтірілетін жердің сапасын жақсарту және олардың құнарлығын қалпына келтіру жүргізілетін уақыт интервалы;
11) топырақтың әлеуетті – құнарлы қабаты-өсімдіктердің өсуіне қолайлы физикалық, химиялық және агрохимиялық қасиеті бар топырақ бейінінің төменгі бөлігі;
12) топырақтың құнарлы қабаты – өсімдіктердің өсуіне қолайлы физикалық, химиялық және агрохимиялык қасиеті бар топырақ бейінінің жоғарғы қара шіріктелген бөлігі.