1. Жалпы ережелер
1. Осы Жерге орналастыру жобасын әзірлеу бойынша жерге орналастыру жұмыстарын орындау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 14-бабының 1-тармағының 4) тармақшасына және 150-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленген және жерге орналастыруды орындау, жерге орналастыру жобасын әзірлеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда жұмыстардың мазмұны мен құрамының сипаттамасы, сондай-ақ жер-кадастрлық және жерге орналастыру жұмыстарын жүргізу кезіндегі жерге орналастыру жобасының ресімделуі беріледі.
3. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
1) абрис - тұрпат‚ нобай, заттың бейнесін, қандай да бір объекті нысанын көрсететін сызық;
2) әзірлеуші – жерге орналастыру жұмыстарын орындайтын жеке және заңды тұлғалар;
3) жерге орналастыру жобасы – жер учаскесінің схемасы (жоспары), жер учаскесінің алаңы, оның шекаралары мен орналасқан жері туралы мәліметтер, жер учаскелерінің аралас меншік иелері мен жер пайдаланушылары туралы және жер учаскелеріне ауыртпалықтар мен сервитуттар туралы мәліметтер;
4) жергілікті атқарушы органдардың шешімдері – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, селолар, селолық округтер әкімдерінің жер учаскесіне құқық беру туралы құқықтық актілері;
5) жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган - жер қатынастары саласындағы функцияларды жүзеге асыратын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшесі;
6) жер учаскесі - осы Кодексте белгіленген тәртіппен жер қатынастары субъектілеріне бекітіліп берілетін, тұйық шекара ішінде бөлінген жер бөлігі;
7) комиссияның оң қорытындысы – тиісті жергілікті атқару органдарымен құрылатын комиссияның жер учаскесін беру туралы хаттама шешімі нысанындағы қорытындысы;
8) алып тасталды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.12.2015 № 782 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
9) нобайлар - жергілікті жердің маңызды элементтерін көрсететін, көз мөлшермен түсіруде орындалған сызба;
10) сервитут - бөтен жер учаскелерін шектеулі нысаналы пайдалану, оның ішінде жаяу өту, көлікпен өту, қажетті коммуникацияларды тарту мен пайдалану, аңшылық шаруашылығы және балық шаруашалықтары және өзге де мұқтаждар үшін пайдалану құқығы;
11) тапсырыс беруші – жерге орналастыру жобасын әзірлеуге өтініш білдіретін азаматтар мен заңды тұлғалар;
12) үшінші тұлғалар – мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері және жерге орналастыру жүргізген кезде құқықтары мен заңды мүдделері қозғалатын шектес жер учаскелерінің меншік иелері (жер пайдаланушылар).
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық экономика министрінің 22.12.2015 № 782 (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
4. Мемлекет меншігіндегі жерлерден жер учаскесін берген кезде жаңа жер учаскелерін қалыптастыру бойынша жерге орналастыру жобасын әзірлеу комиссияның оң қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.
5. Қолданыстағы жер учаскелерін ретке келтіру кезінде жерге орналастыру жобасын әзірлеу тапсырыс берушінің өтініші негізінде жүзеге асырылады.
Қолданыстағы жер учаскелерін ретке келтіру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын әзірлеу мынадай жағдайларда:
1) жер учаскелерін бөлген кезде;
2) жер учаскелерін қосу (біріктіру);
3) жер учаскесінің сәйкестендіру сипаттамалары (конфигурациясы, шекаралары, алаңдары) өзгерген;
4) жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін алып қою немесе сатып алу жағдайларында жүргізіледі.
6. Жерге орналастыру жобасы мынадай ретпен қажетті іс-шараларды жүзеге асыруды көздейді:
1) жерге орналастыру жобасын әзірлеуге өтініш;
2) дайындық жұмыстары;
3) жерге орналастыру жобасын әзірлеу;
4) жерге орналастыру жобасын қалыптастыру;
5) жерге орналастыру жобасын бекіту;
6) жерге орналастыру жобасын орындау.
7. Дайындық жұмыстарының құрамында жоспарлау-картографиялық материалдарды іріктеу, мемлекеттік жер кадастрында жерге орналастыру, қала құрылысы, орман орналастыру, геодезиялық және картографиялық құжаттамаларда қамтылатын жер учаскелері туралы мәліметтерді жинау және зерттеу жүргізіледі.
Белгілі бір жер учаскесі туралы мемлекеттік жер кадастры мәліметтері қағаз және электрондық тасығыштарда, сонымен қатар белгіленген тәртіппен жер учаскесінің есепке алынған жері бойынша техникалық және телекоммуникациялық байланыс құралдарын қолдана отырып, жер кадастры мәліметтерінің банкіне тікелей рұқсат ету түрінде беріледі.