Тарау. Жалпы ереже
1. Осы Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу, азаматтық хал актілерінің жазбаларына өзгерістер енгізу, қалпына келтіру, күшін жоюды ұйымдастыру қағидасы (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс), Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» (бұдан әрі - Заң), «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы», «Ақпараттандыру туралы», «Дербес деректер және оларды қорғау туралы», «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасының неке заңнамасы саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленді.
Қағида тіркеуші органдардың тууды, қайтыс болуды, неке қиюды (ерлі-зайыптылықты), некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды, атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу, азаматтық хал актілері жазбаларына өзгерістер, толықтырулар енгізу, оның ішінде әке (ана) болуды белгілеу, ұл (қыз) бала асырап алу кезінде, түзетулер енгізу, азаматтық хал актілерін жою және қалпына келтіру, сондай-ақ қайталама куәліктер, анықтамалар мен азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу туралы актілік жазбалардың көшірмелерін беруді Қазақстан Республикасы аумағында ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
2. Қағидада келесі негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) тіркеуші орган - азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы орган;
2) «АХАЖ тіркеу пункті» ақпараттық жүйесі (бұдан әрі - АХАЖ АЖ) - азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуге, сондай-ақ жеке тұлғалардың жеке деректерін құрайтын мәліметтерді қамтитын электрондық нысанда өзгерістер, түзетулер, толықтырулар енгізу, күшін жою және қалпына келтіруге арналған ақпараттық жүйе;
3) жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі - ЖСН) - жеке тұлға, соның iшiнде өзiндiк кәсiпкерлiк түрiнде қызметiн жүзеге асыратын дара кәсiпкер үшiн қалыптастырылатын бiрегей нөмiр;
4) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
5) мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті орган – мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
6) мемлекеттік қызмет көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесі (бұдан әрі - «Мониторинг» ИАЖ) – мемлекеттік қызметтер көрсету, оның ішінде Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету процесін автоматтандыруға және мониторингтеуге арналған ақпараттық жүйе;
7) проактивті көрсетілетін қызмет – қызмет көрсету субъектісінің бастамасы бойынша берілетін, қызметті көрсету үшін көрсетілетін қызметті алу субъектісінің ұялы байланыс абоненттік құрылғысы арқылы берілген келісімі міндетті түрде қажет болатын, электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызмет;
8) ұялы байланыс абоненттік құрылғысы – абонент берген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланысы сигналдарын қалыптастыратын және ұялы байланыс операторының желісіне қосылатын, қызмет көрсетілетін аумағы шеңберінде географиялық тұрғыдан айқындалатын тұрақты орналасқан жері жоқ, ұялы байланыс желілерінде жұмыс істейтін жеке-дара пайдаланылатын байланыс құралы;
9) «электрондық үкіметтің» веб-порталы www.egov.kz (бұдан әрі - портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе;