Азаматтардың, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың тиісті салалардағы құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат
I бөлiм. Жалпы ережелер
1-бап Қазақстан Республикасындағы шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы заңдар
Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және соған сәйкес шетелдiктердiң негiзгi құқықтары мен мiндеттерiн, олардың Қазақстан Республикасына келуiнiң, аумағында болуының, жүрiп-тұруының және Қазақстан Республикасынан кетуiнiң тәртiбiн айқындайды.
Қазақстан Республикасындағы шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы заңнама осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
Қазақстан Республикасындағы шетелдiктердiң құқықтық жағдайы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен де анықтала алады.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
Ескерту. 1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.01.12 N 227; 13.05.2020 № 327-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
2-бап Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар
Қазақстан Республикасының азаматтары емес және өзiнiң басқа мемлекеттiк азаматтығына қатысты екендiгiнiң дәлелi бар адамдар Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер болып танылады.
Қазақстан Республикасының азаматтары емес және өзiнiң басқа мемлекеттiң азаматтығына қатысты екендiгiнiң дәлелi жоқ адамдар азаматтығы жоқ адамдар болып танылады.
3-бап Қазақстан Республикасындағы шетелдiктердiң құқықтық жағдайының принциптерi
Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер Конституцияда белгiленген және Қазақстан Республикасының заңдары мен Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес барлық құқықтар мен бостандықтарға ие, сондай-ақ оларға барлық мiндеттер жүктеледi.
Қазақстан Республикасындағы шетелдіктер тегiне, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, қай нәсiлге және ұлтқа жататындығына, жынысына, бiлiмiне, тiлiне, дiнге көзқарасына, шұғылданатын қызметi мен оның сипатына қарамастан заңның алдында бiрдей болады.
Шетелдiктердiң өздерiнiң құқықтары мен бостандықтарын пайдалануы Қазақстан Республикасының мүдделерiне, оның азаматтары мен басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне нұқсан келтiрмеуге тиiс және мұны олардың Қазақстан Республикасының заңдарына белгiленген мiндеттерiн орындауынан бөлiп алуға болмайды.
Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 13.05.2020 № 327-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
4-бап Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын және уақытша жүрген шетелдiктер
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алған шетелдіктер Қазақстан Республикасында тұрақты тұрушылар деп танылады.
Этникалық қазақтарды, Қазақстан Республикасында немесе Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында туылған немесе бұрын оның азаматтығында болған адамдарды және олардың отбасы мүшелерін қоспағанда, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат берудің міндетті шарты мұндай рұқсатты алуға үміткер адамның Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және мөлшерлерде өзінің төлем қабілеттілігін растауы болып табылады.
Қазақстан Республикасында өзгедей заңды негізде жүрген, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша жәбірленуші, куә, күдікті немесе айыпталушы деп танылған шетелдіктер соттың үкімі күшіне енгенге дейін немесе уәкілетті органдар өзге процестік шешім қабылдағанға дейін Қазақстан Республикасында уақытша болатындар деп есептеледі.
Қандастардың оңайлатылған тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуға және Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдануға бір мезгілде құжаттар тапсыруға құқығы бар.
Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР 2007.01.12 N 227; өзгерістер енгізілді - ҚР 10.12.2013 № 153-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 421-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 13.05.2020 № 327-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
5-бап Баспана беру
Қазақстан Республикасы адам құқықтары бұзылуының құрбандары болған шетелдiктерге баспана құқығын бередi.
Саяси баспана беру туралы мәселенi Қазақстан Республикасының Президентi шешедi.
Ескерту. 5-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.01.12 N 227 Заңымен.