1-тарау. Жалпы ережелер
- Осы Тракторларды және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тiркемелердi қоса алғанда, олардың тiркемелерiн, өздiгiнен жүретiн ауылшаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерін, жүріп өту мүмкiндiгi жоғары арнайы машиналарды кепілге қоюды мемлекеттік тіркеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 17) тармақшасына, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң) 10-бабы 1) тармақшасына және "Жылжымалы мүлік кепiлiн тiркеу туралы" 1998 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді.
- Осы Қағидалар тракторларды және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тiркемелердi қоса алғанда, олардың тiркемелерiн, өздiгiнен жүретiн ауыл шаруашылығы, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерін, жүріп өту мүмкiндiгi жоғары арнайы машиналарды (бұдан – әрі машина) кепілге қоюды мемлекеттік тіркеу және "Тракторлардың және олардың базасында жасалған өздігінен жүретін шассилер мен механизмдердің, монтаждалған арнайы жабдығы бар тіркемелерді қоса алғанда, олардың тіркемелерінің, өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы, мелиоративтік және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерінің, жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналардың кепілін мемлекеттік тіркеу (тіркеуден алу), өзгерiстер мен толықтыруларды (оның iшiнде, меншiк құқығының басқа адамға ауысуы, талап ету құқығын басқаға беру, кейіннен кепілге (қайталама кепілге) салу) тіркеу және тіркелген кепілдің қолданысын тоқтату, сондай-ақ кепілді мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті немесе телнұсқаны беру" мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) көрсету тәртібін айқындайды.
- Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру бойынша қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру бойынша қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге арналған өтініштерді қабылдау және көрсетілетін қызметтерді алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) кепілді электрондық тіркеу – бірыңғай тізілім арқылы электрондық нысандағы өтініш негізінде жүзеге асырылатын машиналар кепілін тіркеу;
3) тіркеуші орган – машиналардың кепілін тіркеуді, сондай-ақ осы Қағидаларда көзделген іс-қимылдарды жүзеге асыратын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның және облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі (бұдан әрі – тіркеуші орган (көрсетілетін қызметті беруші)).
2-тарау. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі
- Мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) электрондық немесе қағаз нысанында көрсетіледі.