1-тарау. Жалпы ережелер
- Осы Тракторларды және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тiркемелердi қоса алғанда, олардың тiркемелерiн, өздiгiнен жүретiн ауыл шаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерiн, жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналарды жыл сайынғы мемлекеттiк техникалық қарап-тексеруден өткiзу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Агроөнеркәсiптік кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы" 2005 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағы 18) тармақшасына, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 10-бабы 1) тармақшасына сәйкес әзiрленді және тракторларды және олардың базасында жасалған өздiгiнен жүретiн шассилер мен механизмдердi, монтаждалған арнаулы жабдығы бар тiркемелердi қоса алғанда, олардың тiркемелерiн, өздiгiнен жүретiн ауыл шаруашылық, мелиорациялық және жол-құрылыс машиналары мен механизмдерiн, жүрiп өту мүмкiндiгi жоғары арнайы машиналарды (бұдан әрі - машиналар) жыл сайынғы мемлекеттiк техникалық қарап-тексеруден өткізу тәртiбiн айқындайды.
- Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) иеленуші - меншік, шаруашылық жүргізу, жедел басқару құқығында не өзге де заңды негізде машинаға иелік ететін жеке немесе заңды тұлға (бұдан әрі - иеленуші (көрсетілетін қызметті алушы));
2) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты - мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, қызмет көрсету процесінің сипаттамаларын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі;
3) тiркеу құжаты - машинаның жол қозғалысына қатысуға және пайдалануға жіберілгенін растайтын, машинаға арналған ресми құжат болып табылатын техникалық паспорт;
4) "электрондық үкiметтiң" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы (бұдан әрі - оператор) - "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, өзіне бекітіліп берілген "электрондық үкiметтiң" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жүктелген заңды тұлға;
5) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі - ЭЦҚ) - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен құрылған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиістілігін және мазмұнының өзгермейтінін растайтын электрондық цифрлық символдар жинағы.
- Осы Қағидалардың 19-тармағында айқындалған машиналарды қоспағанда иеленушілерге (көрсетілетін қызметті алушыларға) тиесілі және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның және облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органында (бұдан әрі - жергілікті атқарушы орган (көрсетілетін қызметті беруші)) мемлекеттік (уақытша) тіркеуде тұрған машиналар жылына бір рет мемлекеттiк техникалық қарап-тексеруден өтуі тиіс.