1-тарау. Жалпы ережелер
1) жүріп өту мүмкіндігі жоғары арнайы машиналар – ең жоғары конструкциялық жылдамдығы сағатына елу және елу километрден аз қаршаналар мен квадроциклдер;
2) көрсетілетін қызметті алушы – осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен тракторшы-машинист куәлігін алуға жүгінген жеке тұлға;
3) тракторшы-машинистің куәлігі – тракторшы-машинистердің машиналарды басқаруына рұқсат етілгенін растаушы құжат;
4) тракторшы-машинистің куәлігін тіркеу мен берудің ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ақпараттық жүйе) – "E-Agriculture" агроөнеркәсіптік кешендегі салаларды басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі" ақпараттық жүйесінің "Ауыл шаруашылығы техникасын мемлекеттік тіркеу" кіші жүйесінде мәліметтердің орталықтандырылған есепке алынуын қамтамасыз ететін ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың ұйымдастырылып, ретке келтірілген жиынтығы;
5) тіркеу іс-қимылдары – көрсетілетін қызметті берушінің тракторшы-машинистің куәлігін тіркеу мен берудің ақпараттық жүйесіне тіркеу деректері мен өзгерістер енгізе отырып, көрсетілетін қызметті алушының тракторшы-машинист куәлігін тіркеуді және оған беруді жүзеге асырумен байланысты қызметі.
Барлық санаттағы машиналарды басқару құқығына емтиханды өтініш берілген күні емтихан пункттерінде емтихан комиссиялары қабылдайды.
Емтихан Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларын және оқу бағдарламаларында көзделген машиналарды пайдалану қауіпсіздігі туралы білімдерін тексеру мақсатында жүргізіледі.
Емтихан тапсыруға рұқсат беру және куәлік беру азаматтардың тұрақты тіркелген тұрғылықты жері немесе уақытша келген жері (уақытша тіркелген жағдайда) бойынша, сондай-ақ шетел азаматтарының келген жеріндегі ішкі істер органдарында тіркелуі бойынша жүзеге асырылады.
Емтихан қабылдау он сұрақтан тұратын компьютерлік кешенді не емтихан материалын пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Барлық сұрақтарға жауап беру үшін тракторшы-машиниске кандидатқа 30 (отыз) минут беріледі.
Жауаптардың дұрыстығын автоматты режимде компьютер кешені не емтихан алушы тексереді.
Кем дегенде сегіз сұраққа дұрыс жауап берілген кезде "ТАПСЫРДЫ" деген қорытынды баға қойылады, ал қарсы жағдайда "ТАПСЫРМАДЫ" деген баға қойылады.
"ТАПСЫРМАДЫ" деген теріс баға алған жағдайда, қайта емтихан қабылдау алдыңғы емтиханды тапсырған күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күннен кейін жүзеге асырылады.
Уақыттың хронометражын теориялық емтихан басталған сәттен бастап компьютерлік кешен жүргізеді.
Билеттің сұрақтарына жауаптың жүйелілігін емтихан тапсырушы өз еркімен таңдайды.