1-тарау. Жалпы ережелер
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) ассистент - халықты жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультантқа және кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне атаулы әлеуметтік көмек шеңберінде консультациялар, әңгімелесулер өткізуге, сондай-ақ әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізуге жәрдемдесу жөніндегі функцияларды орындайтын қызметкері;
3) әлеуметтік еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесі (бұдан әрі - "Еңбек нарығы" ААЖ) - халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның, халықты жұмыспен қамтудың жергілікті органдарының, халықты жұмыспен қамту орталықтарының, еңбек ресурстарын дамыту орталығының қызметін автоматтандыруға және әлеуметтік-еңбек саласында халыққа мемлекеттік қызметтер көрсетуді ұсыну мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;
4) бос орын - жұмыс берушідегі бос жұмыс орны (лауазым);
5) "Еңбек биржасы" мемлекеттік интернет-ресурсы - еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын қамтитын, Интернет желісінде жұмыс істейтін, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларын көрсету мақсатында еңбек ресурстарын дамыту орталығы қолдап отыратын электрондық ақпараттық ресурс;
6) жұмыспен қамтудың жеке картасы - жеке бас деректері, жұмыспен қамтылу тарихы, ұсынылатын және іске асырылатын іс-шаралар, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсаттары және олардың орындалуы көрсетілетін құжат;
7) жұмыссыз адам - жұмыс іздеуді жүзеге асыратын және жұмысқа кірісуге дайын жеке тұлға;
8) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер -жұмыссыз ретінде тіркелген, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын адамдардың пайдасына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүзеге асыратын төлемдер;
9) лайықты жұмыс - кәсіптік даярлығына, еңбек өтіліне және бұрынғы мамандығы бойынша еңбек тәжірибесіне, денсаулық жағдайына, жұмыс уақытының режиміне, жұмыс орнына көліктің қолайлығына сәйкес келетін, оның ішінде уақытша сипаттағы жұмыс;
10) мемлекеттік көрсетілетін қызмет - көрсетілетін қызметті алушылардың өтініш жасауы бойынша немесе өтініш жасауынсыз жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі;
11) мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесі - ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;
12) халықты жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі - жұмыспен қамту орталығы) - жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға;
13) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган - өңірлік еңбек нарығындағы ахуалға негіздей отырып, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бағыттарын айқындайтын ауданның, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының құрылымдық бөлiмшесi.