
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бас штабының жоспарына сәйкес Павлодар қаласында 2024 жылы шілде айының 28-31 күндері аралығында әкімдердің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшілерінің, жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы бастықтарының (аумақтық қорғанысты жоспарлауға жауаптылардың), аумақтық қорғаныс бригадалары командирлерінің, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің және өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысы басқармасының аумақтық әскерлері бөлім бастықтарының қатысуымен оқу-әдістемелік жиыны өтуде.
Оқу-әдістемелік жиынның негізгі мақсаттары:
1) Аумақтық әскерлердің күнделікті қызметі мен жауынгерлік даярлығын ұйымдастыру кезінде бірыңғай көзқарастарды тұжырымдау;
2) Аумақтық қорғаныс бөлімдері мен бөлімшелерін жауынгерлік үйлестіру іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу, аумақтық қорғаныс міндеттерін орындау барысында оларды басқаруды ұйымдастыру мәселелері бойынша жиынға қатысушылардың білімі мен практикалық дағдыларын жетілдіру;
3) Аумақтық қорғанысты ұйымдастырғаны үшін жауапкершілік сезімін және Қарулы Күштерге, оның ішінде аумақтық әскерлерге қатыстылығы үшін мақтаныш сезімін тәрбиелеу;
4) Жауынгерлік графикалық құжаттарды пысықтау бойынша сынақтарды тапсыру барысында жиынға қатысушылардың кәсіби (командирлік) дайындық деңгейін тексеру.