
Осыдан 20 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен 9 желтоқсан Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні болып жарияланды. 2003 жылы 1 қарашада Мексиканың Мерида қаласындағы саяси конференцияда ұйымның Бас Ассамблеясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенция қабылдады. Ондағы мақсат – жемқорлықтың алдын алу және жою. Бұл құжат жемқорлықтың алдын алу шараларын, сондай-ақ онымен күресудегі халықаралық ынтымақтастықтың механизмін қарастырады.
Қазіргі уақытта Конвенцияға 140-қа жуық мемлекет қол қойып, 80-ге жуығы ратификацияланды. Қазақстан осы Конвенцияны 2008 жылдың мамыр айында ратификациялады.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күреске белсене араласқандығын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы барлық мемлекеттермен және тиісті халықаралық ұйымдармен сындарлы өзара іс-қимыл жасауға дайын екендігін көрсетті.
Сыбайлас жемқорлықпен күресудің ең тиімді құралдарының бірі автоматтандыру, бұл сыбайлас жемқорлықты болдырмауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан сандық салаға көшуге кірісті. Еліміздегі барлық қызмет көрсету салалары толығымен электронды қызмет көрсетуге көшкен жағдайда, қызмет көрсетудің тиімділігі артып, тұрмыстық деңгейдегі сыбайлас жемқорлық қысқара түседі.
Мемлекеттік қызметтер саласы алғаш рет мемлекеттік бақылауға алынып отыр. Қызметтердің өз уақытында көрсетілуіне байланысты мониторинг күн сайын жүргізіліп тұрады және қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту, қызмет алушылардан артық құжаттарды талап ету жағдайларын болдырмау шаралары жүргізілуде. Бұл сыбайлас жемқорлықтың қысқаруына септігін тигізеді.
Сыбайлас жемқорлық барлық қоғамға кері әсерін тигізеді. Ол бизнеске кедергі бола отырып, әлеуметтік қызметтердің қаржыландыруын азайтады (мектеп, аурухана, жолдар, коммуникациялар, көріктендіру, полиция және т. б.) және мемлекеттік қызметтің сапасын төмендетеді.
Сондықтан сыбайлас жемқорлықты жою – бұл тек қана мемлекеттің мүддесі мен міндеті ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Әрбір азамат бұл мәселеде алаңдаушылықты сезінуі тиіс, ешкім бұл зұлымдықпен күресте бейтарап қалмауы тиіс. Сонда ғана сыбайлас жемқорлықтың көріністері азаяды.