Алматы облысының әкімі М. Е. Сұлтанғазиев Қонаев қаласының тұрғындарымен есепті кездесу өткізді

Алматы облысының әкімі М. Е. Сұлтанғазиев Қонаев қаласының тұрғындарымен есепті кездесу өткізді

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласының тұрғындарымен есепті кездесу өткізді.
Кездесуге облыстық мәслихат төрағасының м.а. Болатжан Нұрбеков қатысты.
Есепті кездесуде алдымен Қонаев қаласының әкімі А.Бердіханов қалада атқарылған жұмыстар мен болашақ жоспарлар туралы баяндама жасады.
Одан кейін өңір басшысы қала тұрғындарына облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.
Кездесу барысында облыс әкімі қала тұрғындарының сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы өзінің бақылауында болатыны айтылды.

Халықпен кездесуден соң өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев пен мәслихат төрағасының м.а. Болатжан Нұрбеков  Қонаевтағы құрылыс нысандарын аралады.

Ең алдымен ол күрделі жөндеуден өтіп жатқан Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектепке барды. Мұндағы мердігер компания – «Қонаев Тұрғын үй» ЖШС. Қазіргі таңда ішкі жұмыстар, электр желілерін тарту, өрт қауіпсіздігі бойынша жабдықтар қою сияқты жұмыстар жүруде. Мектептің күрделі жөндеуіне 60 құрылысшы тартылған. Сондай-ақ сырты боялып қойған, абаттандыру жасалады. 1-блоктың жөндеуі желтоқсанда аяқталады, жалпы нысан 2025 жылдың мамыр айында қолданысқа беріледі деп көзделуде.

Одан кейін әкім бюджет есебінен тұрғызылып жатқан 60 пәтерлі тұрғын үйді аралады. Бүгінде 95% жұмыс аяқталған, желтоқсан айында қолданысқа беріледі деп күтілуде. Жобаның жалпы құны – 3 млрд.теңге. Бұл пәтерлерді тұрғындар «Отбасы банктің» бағдарламасы арқылы сатып ала алады.

Өңір басшысы сондай-ақ инвестор есебінен салынып жатқан 18 жеке тұрғын үйге барды. Инвестор «R&M Construction» ЖШС. Аталған нысанның құрылысы желтоқсанда аяқталады деп жоспарланған. Үйлер 3-4 бөлмелі. Жалпы аумағы – 1,1 га. Қазіргі таңда терезелерді, жылы еден, шатырларды орнату, жол салу жұмыстары жүріп жатыр. Үйлер салынып болғасын, қалалық құрылыс бөлімі әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін осы үйлерді сатып алмақ ниетте.

Бұдан бөлек, биыл 85 пәтер әлеуметтік осал топтағы жандарға берілгенін атап өткен жөн. Алдағы уақытта осы мақсатта тағы да 176 пәтер сатып алу көзделген.

Сонымен қатар Қонаевта инвестор есебінен 6 тұрғын үй кешені салынуда. Жыл соңына дейін 94 мың шаршы метр үй қолданысқа берілмек.

2023 жылдың қазан айынан Қонаев қаласында 11 кәріз-сорғы станцияларын жаңарту жұмыстары басталды. Бұл жоба қалалық инфрақұрылымды дамыту мақсатында қолға алынған. Сонымен қатар Қонаевта ғимараттар мен тұрғын үй алаптарының көбеюіне байланысты тозығы жеткен сорғыларға артық жүктеме түсіп, апат болмауы үшін жасалған.

Мердігер «TOLAGAI-2050» компаниясымен келісімшартқа қол қойылған. Жұмыс кестесіне сәйкес, нысан 2025 жылдың наурызында қолданысқа беріледі деп көзделуде.

Құрылысқа Ұлттық қордан 12 млрд 687 мың теңге бөлініп отыр. Қазіргі таңда жалпы 22 дана сорғының жартысынан көбі орнатылған, электр желілері тартылған. 28 шақырымнан астам құбырдың 26,5 шақырымы жүргізілген. Сондай-ақ жер жұмыстары, қасбеттерді жөндеу жұмыстары жасалуда. 90% жұмыс өз межесіне жеткен.