Бүгін еліміздегі ең ұлық мереке – Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі М.Сұлтанғазиев, облыстық мәслихат төрағасы Қ. Байғоджаев және облыстық мәслихат депутаттары қатысты.
Бұл – қазақтың сан ғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды.
Қазақта «Егемен болмай, ел болмас» деген терең мағыналы сөз бар. Ел ағалары мен зиялы қауым ұлттың санасын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Елдің рухын көтеретін астарлы көркем шығармалар жарық көрді. Шын мәнінде, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті.
Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Сондықтан осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке.
Республика күніне орай Алматы облысының әкімі М.Сұлтанғазиев құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылғы 16 қазандағы № 675 Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбектері, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Облыстық мәслихаттың депутаттары Әлиев Нұрбол Мәжитұлы және Нұрдәулетов Сұлтан Нұрғайыпұлы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.