
Облыстық мәслихаттың тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылығы, құрылыс және архитектура, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссияның кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде 7 мәселе қаралып, бірқатар басқарма басшыларының баяндамалары тыңдалды. Биыл 9 айда атқарылған жұмыстар сараланып, орындалмаған жоспарлар мен кем-кетіктер тілге тиек етілді. Облыстық мәслихаттың депутаты, тұрақты комиссия төрағасы Дәулет Жарасбаев төрағалық еткен жиынға депутаттар, облыстық басқарма басшылары қатысты.
Алғашқы мәселе Алматы облысы бойынша әлеуметтік нысандарға бюджеттен бөлінген қаржының игерілуі туралы қаржы басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Айгөзова баяндама жасады. Ол ағымдағы жылдың 9 айында облыс бюджетіне 596,7 млрд теңге табыс түскенін, оның ішінде өз табыстары бойынша түсімдер 381,8 млрд теңгені, республикалық бюджеттен трансферттер бойынша түсімдер 214,8 млрд теңгені құрайтынын жеткізді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе – облыс бойынша индустриялық аймақтың атқарылып жатқан жұмыс есебі туралы, «Қонаев» және «Алатау» қалаларының даму жоспарының барысы туралы сөз алған облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдын Бегімбеков Алматы агломерациясының даму жоспарының іске асуы бойынша, электрмен жабдықтау желілерін дамыту бойынша баяндама жасады. Ол 110/10 кВ қосалқы стансаларының құрылысы экологиялық жағдайды жақсартуда ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсуі үшін маңызды екенін тілге тиек етті. Халық пен кәсіпорындар үшін де электр энергиясының сенімді және үздіксіз берілуін қамтамасыз етуде қосалқы стансалардың рөлі зор екенін алға тартты.
Күн тәртібіндегі тағы бір мәселе – «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде ауылдық елдімекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту бойынша облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Шатанов баяндама жасады. Ол елдімекендердегі инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және жайлы өмір сүру ортасын құру мақсатында жұмыс атқаратын жобаның жай-жапсарына тоқталды.
– Облыста даму әлеуеті жоғары 271 ауылдық елдімекен іріктеліп алынды. Оның ішінде 90 елдімекен тірек, 169-ы – спутниктік және 12-сі стратегиялық болып табылады. Қалған 109 елдімекеннің даму әлеуеті орташа немесе төмен. Бұл елдімекендер бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ұлттық экономика министрлігі бюджеттік өтінімдерді қарастырмайды, – деп 2019-2023 жылдары «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру шеңберінде облыс бойынша 100 ауылды қамтитын жалпы сомасы 42,2 млрд теңгеге 147 жоба іске асырылғанын жеткізді. Бағдарлама нәтижесінде жаңа нысандар салынып жаңғыртылғанына, жаңа жұмыс орындары құрылғанына тоқталды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселелер – коммуналдық шаруашылықты дамыту, денсаулық сақтау нысандарын салу және реконструкциялау бойынша облыстық құрылыс басқармасы өкілінің баяндамасы тыңдалды. Жиынды қорытындылаған Дәулет Жамалбекұлы қызмет барысындағы кемшіліктер түзетілуі керектігін алға тартып, алға қойған мақсаттар жіті бақылауда болуы қажеттігін қадап айтты. Басқарма басшылары мен қаржы, экономика саласының мамандары бірлесіп, шабан тартқан шаруалардың оң шешімін табуға жұмылу керектігін жеткізді. Сонымен қатар депутаттар тарапынан аяқталмаған құрылыс нысандары мен жауапсыз қалған мекемелерге тексеру шаралары жүргізілу қажеттігін алға тарты.