
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Алматы облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғоджаев Талғар ауданында іссапармен болды.
Іссапар аясында Талғар ауданының тұрғындарымен кездесу өтті.
Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндады.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан жер, жол, ауыз су, мектеп жөндеу, Алматы қаласына қатынайтын автобустардың тапшылығы, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйін салу, тұрғын үй және көпқабатты тұрғын үйлерге блокты-модульды қазандықтар салуға байланысты мәселелер көтерді.
Облыс әкімі көтерілген мәселерді тыңдап, шешу жолдарын талқылады.
Есепті кездесуден кейін өңір басшылары Талғар ауданының бірнеше нысандарын аралады.
Кендала ауылы, Смыков көшесі №24, 49, 49а, 53, 59 мекенжайларындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді жылумен жабдықтау үшін газбен жұмыс істейтін блокты-модульді қазандықтың құрылысы жүргізілуде.
Бұл жобаның мақсаты – тұрғындарға тиімді жылумен жабдықтау жүйесін қамтамасыз ету. Сонымен қатар, Бірлік, Талдыбұлақ, Алтын Дән және Шымбұлақ ауылдарын «Талғар топтық су құбырына» қосу жұмыстарымен танысты.
Одан кейін «Интелликап» ЖШС полиграфиялық өнімдер шығару зауытында болды.
«Интелликап» ЖШС – республикадағы полиграфия өнеркәсібіндегі ең ірі кәсіпорын. Зауыт сұранысқа ие этикеткалар, қаптамалар, кітаптар, қағаз ыдыстар және жарнамалық заттар шығарады. 1997 жылдан бері кәсіпорын 400-ден астам жұмыс орнын ашып, 300 млн. теңгеден астам жаңа технологиялармен жабдықталған. 2010 жылдан бастап Intelservice өнімдері Ресей Федерациясына экспортталады.
Өңір басшылары Талғар қаласында орналасқан «Baron Food» ЖШС-ң өндіріс орнымен танысып қайтты. Мұнда тұшпара мен мантының бірнеше түрлері, құймақ, котлет сияқты т.б. көптеген өнім түрлері шығарылады.
Кәсіпорын заманауи технологияларды пайдалана отырып, жоғары сапалы өнімдер өндіреді, соның нәтижесінде тұтынушылардың сеніміне ие.
Компания өнімдері жергілікті нарықпен қатар, еліміздің басқа аймақтарына да жеткізілуде. «Baron Food» ЖШС-нің басты мақсаты – сапалы әрі дәмді тағамдар ұсыну, сонымен қатар, тұтынушылардың сұранысына сәйкес жаңа өнімдер әзірлеу.
Сонымен қатар, компания экологиялық таза ингредиенттерді пайдалануға ерекше көңіл бөледі, бұл да өз кезегінде өнімнің сапасына оң әсерін тигізеді.
«Baron Food» ЖШС-нің өндірістік қуаты жылдан жылға артып келеді, бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканың дамуына ықпал етеді.
Тамақ өнеркәсібіне керек ет турайтын, қаптайтын, жинайтын құрылғының барлығы серіктестіктің қарамағындағы темір өңдейтін цехта жасалып, кәдеге жаратылады. Сырттан құрылғы сатып алынбайды. Соның арқасында шығын көлемі кеміп, өнімнің қолжетімді бағада әрі табиғи таза болуына мүмкіндік тууда.