
Абай облысында бес аймақтың мәслихат депутаттары мен мәслихат аппараттары қызметкерлеріне арналған ауқымды тренинг өтті. Іс-шараның мақсаты – депутаттар мен аппарат қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттырып, оларға әдістемелік қолдау көрсету. Тренингке Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарының депутаттары мен аппарат қызметкерлері қатысты.
Бұл іс-шара Сенат пен мәслихаттар арасындағы ынтымақтастық жоспары аясында ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасына қарасты Парламентаризм институты, Парламентаризмді дамыту қоры, Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі, ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі және Абай облыстық мәслихаты.
Аталған тренингте заңнаманы жетілдіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, қоғамдық бақылауды күшейту, адам саудасымен күрес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықтың қарыз жүктемесін азайту, білім беру мекемелері мен ойын алаңдарында балаларды қорғауға бағытталған жаңа нормалар, жергілікті билік органдарымен белсенді ынтымақтастыққа және азаматтарға жаңа мемлекеттік бастамалар туралы ақпарат беру бойынша бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.