В Астане стартовали V Всемирные Игры Кочевников

В Астане стартовали V Всемирные Игры Кочевников

Астана қаласында 2024 жылдың 8-13 қыркүйек күндері өтетін V Дүниежүзілік Көшпенділер Ойындары басталды. Бұл халықаралық шараға әлемнің 90-ға жуық елдерінен 2000-нан астам спортшы қатысуда.
Ойындар барысында спорттың 21 түрінен 97 медаль сарапқа салынады.

Дүбірлі доданың ашылу салтанатына Алматы облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Сұлтанұлы Байғоджаев қатысты.

Дүниежүзілік Көшпенділер Ойындары – этникалық спорт түрлері бойынша өтетін халықаралық сайыс. Бұл шара көшпенділердің өмір салты мен дәстүрін дәріптейтін және әр екі жыл сайын ұйымдастырылатын үлкен дода. Ойындар алғаш рет Қырғыз Республикасында ойластырылып, жүзеге асырылды және уақыт өте келе әлемдік мәртебеге ие болды. Бүгінде бұл ойындар Еуразия кеңістігінен басқа да көптеген елдерді қамтып, кең аудиторияның назарын аударуда.

Дүниежүзілік Көшпенділер Ойындары алғаш рет Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өтті. Осы уақытқа дейін үш рет ұйымдастырылды:
• 2014 жылы – 19 елден 10 спорт түрінен 583 спортшы қатысты.
• 2016 жылы – 62 елден 26 спорт түрінен 1200 спортшы қатысып, ойындар ауқымы кеңейді.
• 2018 жылы – 82 елден 37 спорт түрінен 2000 спортшы қатысты.
4-ші Дүниежүзілік Көшпенділер Ойындары 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өтті, онда 82 елден 13 спорт түрінен 3000 спортшы қатысқан болатын.

Бүгінгі таңда Астана қаласында 21 спорт түрінен жарыстар өткізу үшін қаладағы ең үздік спорт алаңдары таңдалды:
• «Астана Арена» стадионы;
• «Қазанат» ипподромы;
• Ж. Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы;
• «Алау» мұз сарайы;
• «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешені;
• «Думан» кешені.

Осы нысандарда ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жек, дәстүрлі садақ ату, құс салудың ұлттық түрлері, ат үстіндегі сайыстар және халық ойындары өтеді.

Барша спортшыларға сәттілік пен жеңіс тілейміз!

Көк байрағымыз желбіреп, Елтаңбамызды әлем танып, Әнұранымыз асқақтай берсін!