Парламент депутаттары Алматы облысына іссапармен келді

Парламент депутаттары Алматы облысына іссапармен келді

Алматы облысы, Қарасай ауданына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Жанболат Жөргенбаев пен Зәкіржан Күзиев, сондай-ақ Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов келді. Парламент  депутаттарының жұмыс сапарына Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғожаев қатысып, жолдардың сапасына баса назар аударды, сонымен қатар әлеуметтік сала қызметкерлерімен де кездесті.

Алдымен депутаттар «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» РМК Алматы облысы бойынша филиалының жұмысымен танысып, орталық қызметкерлерімен кездесті. Ұлттық орталық филиалы 2024 жылы жалпы ұзындығы 1389,1 шақырымды құрайтын жалпы 21 учаскеде республикалық маңызы бар жолдарға диагностика жүргізуді жоспарлап отырғаны айтылды.

Алматы-Бішкек тас жолының 19-шақырымында «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры осы және басқа да учаскелердегі кептеліс мәселесін қалай шешуді жоспарланып отырғаны туралы айтып берді. Жолды алты жолаққа дейін кеңейту керектігі, сонымен қатар алтыға жуық жер үсті немесе жер асты жаяу жүргіншілер өткелін қамтамасыз ету керектігі, сондай-ақ, жолдың дәл осы учаскесіндегі мәселе ҮАААЖ-ң енгізілуіне байланысты қиындағаны айтылды.

Осыдан кейін депутаттар теміржол өткелі арқылы көлік қозғалысын жеңілдететін үлкен айналма жолдың құрылысы жүріп жатқан Жібек жолы ауылына атбасын бұрды. Мұндағы жұмыс 80 пайызға орындалған. Бұл жолдағы қозғалыс тамыз айының басында ашылады, бірақ бұл жобаның толық аяқталуы осы жылдың соңында күтілуде.

Іссапар қорытындысы Қаскелең қаласында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдері, орынбасарлары, денсаулық сақтау, білім және әлеуметтік салаға қатысты басшылардың қатысуымен өткен жиында қорытындыланды.

Жиында жолдардың сапасы, үш ауысымдық мектептер, бірқатар ауылдарда Мәдениет үйлерінің жоқтығы, жедел жәрдем көлікттердің тозғандығы және жетіспеуі,  жедел жәрдем ғимаратарының жоқтығы туралы айтылды.

Сонымен қатар, депутаттар Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен келіп, республикалық маңызы бар “Ұзынағаш-Отар” автомобиль жолының 101-143 шақырым учаскесін қайта жаңарту жұмыстарымен танысып қайтты.