
Құрметті мемлекеттік қызметшілер!
Сіздерді 23-маусым – мемлекеттік қызметші күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіз Отанымызды тұғырлы, ғұмырлы етуде мемлекеттік қызметшілердің көтерер жүгі салмақты, атқарар істері ауқымды, жүргізер жұмыстары жеңіл емес.
Мемлекеттік қызметші – ұлтымыздың айнасы, ар-ожданы болып қала береді. Мемлекеттік қызметте жүрген әрбір азамат қарапайым халыққа үлгі - өнеге боларлық жақсы қасиеттерге ие болуы тиіс. «Ұлық болсаң – кішік бол!», - деген қанатты сөз бекер айтылмаған.
Жоғарыдан бастап жергілікті ауылдық әкімдіктерге дейінгі мемлекеттік қызметтің бар ауртпалығын көтеріп жүрген әріптестеріміздің еңбектері өлшеусіз.
Мемлекеттік тілімізді, ұлтымыздың салт-дәстүрін қадірлеп, құрметтейтін, ұлттық мүддені жоғары қоя білетін мемлекеттік қызметшілердің жүзі жарқын, мерейлері үстем, ісі ілгері, еңбектері жемісті деп білемін.
Құрметті мемлекеттік қызметшілер!
Сіздерге зор денсаулық, шаңырақтарыңызға бақыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Тәуелсіз Отанымыздың мәртебесі биік, мерейі үстем, ғұмыры ұзақ болсын!
Ізгі ниетпен, Қуат Байғоджаев