Бүгін еліміздегі ең ұлық мереке – Республика күніне байланысты салтанатты іс-шара өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі М.Сұлтанғазиев пен облыстық мәслихат төрағасы Т.Байедилов қатысты.
2022 жылғы 16-шы маусымда Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым - Жомарт Кемелұлы Тоқаев мәлімдеме жасаған болатын.
Ол құрылтайда: «1990 жылғы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік егемендік туралы декларациясы қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздігіне жасалған алғашқы қадам болды. Республика күні еліміздің мемлекеттікке бағытталған тарихи қадамының символына айналуы тиіс» - деді.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы, Республика күні мәртебесін қайта қалпына келтіруді және оны 25-қазанда Ұлттық мереке ретінде атап өтуді ұсынды.
Республика күніне орай Алматы облысының әкімі М.Сұлтанғазиев құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының Жарлығымен облысымыздың түрлі саласында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарды марапаттады. Сонымен қатар облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін облыстық мәслихаттың 2023 жылғы 9 қазандағы №6-40 шешімімен төрт азаматқа «Алматы облысының құрметті азаматы» атағы берілді.
Шара соңы мерекелік концертке ұласты.