Президент отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің әлеуетімен танысты

Президент отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің әлеуетімен танысты

Оқу-жаттығу жиыны барысында Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа отандық қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарының қару-жарақ пен әскери техника шығару және жөндеу мүмкіндіктері таныстырылды.

▪️Далада ұйымдастырылған арнайы алаңқайда Орталық Азия аймағындағы бронды техникаларды жөндеуге маманданған жалғыз «Семей инжиниринг» (Семей) зауыты бронды жөндеу-эвакуациялық транспорттау машинасын пайдалана отырып, ұрыста зақымданған техниканы қайта қалпына келтіру барысын көрсетті.

▪️«Navyco» компаниясының өкілі (Астана) бронды техниканы қалпына келтіруге арналған агрегаттардың дала жағдайында қалай ауыстырылатыны, ал «КамАЗ Инжиниринг» (Көкшетау) және «№405 авиажөндеу зауыты» (Алматы) кәсіпорындары әскери техниканы құрастыру, қалпына келтіру мүмкіндіктері жөнінде мәлімет берді.

▪️Көрмеге Қазақстан мен Түркияның «Қазақстан Aselsan инжиниринг» (Астана) бірлескен кәсіпорны, «Восток Полимер Снаб» ЖШС (Өскемен), «Universal-Build» ЖШС (Алматы), «Energy General» ЖК (Алматы) және басқа да кәсіпорындардың өнімдері қойылды.

▪️Президентке түркиялық «Оtakar» компаниясы шығаратын ARMA бронды машинасының су кедергілерінен өту мүмкіндіктері таныстырылды.

Көрмені аралап көрген Мемлекет басшысы отандық қорғаныс өнеркәсібінің әлеуетін арттыру маңызды екенін атап өтті.