
Бүгінгі білім күні қарсаңында Ұзынағаш ауылында 1500 оқушыға арналған №1 мектеп лицей пайдалануға берілді.
Мектептің салтанатты ашылуына арнай іссапармен Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Талғат Ескендірұлы Байедилов барды.
Талғат Ескендірұлы көпшілікті білім күнімен құттықтап, қонақтармен бірге жаңа білім ордасының лентасын кесті.
Бұл күн, бүгінгі жаңа мектептің табалдырығын аттаған оқушылар, ұлағатты ұстаздар мен ардақты ата-аналар үшін үлкен мәртебе, есте қалар тарихи сәт.
Адам өміріндегі сарқылмас қазына - ол білім. Адам баласы барлық арман, мақсаттарына тек білім арқылы ғана жете алады. Бүгін барлық білім беру мекемелері есіктерін айқара ашып, білім нәрімен сусындауға келген еліміздің жастарын, бүлдіршіндерін құшақ жая қарсы алуда.
Ұлттық педагогиканың негізін қалаушы педагог-ғалым Мағжан Жұмабаев «Қазақтың дамуы, келешекте ел болуы мектебіне байланысты» десе, қазақ даласында алғаш мектеп ашқан ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі» деп бүкіл бір елдің дамуын мектеп пен мұғаліммен байланыстырады.
Жалпы мектептің аумағы 2,98 гектарды құрайды, ғимараттың ауданы 14670 м2.
Ауданның көркін ашып, сәні мен салтанатын асырып, заманауи жаңа материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған мектепте 150-ден астам оқу және пән кабинеттері мен спорт зал, асханасы бар. 76 интерактивті тақта, 174 компьютер, 1000-нан астам спорттық жабдықпен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, облыс көлемінде 9 мектеп құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді.
Еліміздің абыройы асқақ, мерейі үстем болсын!
Жаңа оқу жылы құтты болсын!