
Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Талғат Ескендірұлы Байедилов Жамбыл ауданында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы және салынып жатқан құрылыс нысандарының барысымен танысу және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу үшін Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барды.
Іссапар барысында Жамбыл ауданының Қарақастек ауылында дүниеге келген ұлы қазақ ақыны, айтыс өнерінің шебері Сүйінбай Аронұлының рухына тағзым етіп, әдеби-мемориалды музейін аралады.
Әрі қарай Жамбыл ауылындағы аты аңызға айналған қазақ жырының дарабозы Жамбыл атамыздың рухына да тағзым етіп, әдеби-мемориалды музейін аралап көрді. Музейдің жауапты мамандарына рухани ортаны күтіп баптау мен зиярат етіп келген қонақтарға қызмет көрсету жағын тыңғылықты қолға алуды тапсырды.
Жұмыс сапарында ауданда қолға алынып жатқан құрылыс нысандарымен танысты. Биыл кыркүйек айының соңында Ұзынағаш ауылында 180 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілмек, яғни 5 қабатты тұрғын үйдің 3-і жыл соңында дейін «Отбасы банк» арқылы кезекте тұрған азаматтарға несиелеу тәртібімен үлестірілмек. Облыстық мәслихат төрағасы Т.Байедилов тапсырыс берушілерге баспана құрылысы мен сапасын үнемі қадағалап отыруды тапсырды.
Облыстық мәслихат төрағасы Т.Байедилов аудандық мәслихат депутаттары мен әкімдік қызметшілерімен жүздесіп, бірігіп атқарар ортақ жұмыстарды талқылады. Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу деңгейін барынша көтеруді ұсынды. Сондай-ақ әр салаға бөлінген бюджет қаржысының тиімді жұмсалуын қадағалап отыруды тапсырды.