
2023 жылғы 17 тамызда Кеген ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әшімжанов Жанарбек Садықанұлы және Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Байедилов Талғат Ескендірұлы, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Байғоджаев Қуат Сұлтанұлы Кеген ауданының Алғабас ауылындағы дәрігерлік амбулатория мен А.Нүсіпбеков ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимараттарының жұмыстарымен танысты.
Алғабас ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөндеу жұмыстарын 2021 жылдың қазан айында мердігер «Көпсалалы Достар компаниясы» ЖШС бастаған. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстарының 90 пайыздан астамы аяқталған.
Қазіргі уақытта А.Нүсіпбеков ауылындағы дәрігерлік амбулатория «Қарабұлақ ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ-сі ғимаратының 70 шаршы метр бөлмелерінде орналасқан.
Дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимаратының құрылыс жұмыстары 2022 жылы мердігер «Алау» ЖШС-гі бастаған, 2023 жылдың тамыз айының аяғына дейін ғимаратты пайдалануға беру жоспарланған. Ғимараттың жалпы алаңы 320 шаршы метр.
Амбулаторияда 1 дәрігер, 5 орта буын, 1 кіші буын, 2 техникалық қызметкерлер жұмыс жасайды.
Жаңа ғимарат стоматологиялық құрылғылар, зертханалық аппараттар, физиотерапиялық аппараттар мен ЭКГ аппараттарымен жабдықталған. Емдеу орнында амбулаториялық қызметтен бөлек жарақат таңу пунктін, шұғыл медициналық көмек көрсету кабинеттерін ашу жоспарлануда.
Мердігер тарапқа ғимарат пен медициналық құрал жабдықтарды толықтырып, уақытында өткізіп беру қатаң тапсырылды.
Еске сала кетсек өткен жылдары аудан басшысымен есепті кездесулерде Алғабас ауылдық округінің тұрғындары амбулатория ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп беруді және А.Нүсіпбеков ауылының тұрғындары жаңа амбулатория ғимаратын салып беруді сұраған болатын. Тұрғындар өтініші бүгінде шешімін тауып отыр.