
Жаңа оқу жылы қарсаңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанов пен Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Т.Байедиловтың Еңбекшіқазақ ауданына іссапары барысында Саяжай маңындағы мектеп ұстаздарымен жүздесіп, салынып жатқан білім ошақтарының құрылысымен танысты.
№1 Рахат орта мектебінде сауалдарын жолдаған мұғалімдер бірінші кезекте саяжайға ауыл мәртебесін беріп, инфрақұрылым жүргізу мәселесін көтерді. Бүгінгі таңда бұл мәселе республика көлемінде көтеріліп, мәжілісте қаралуда.
Сонымен қатар саяжайдағы 900 орындық мектептің құрылысымен танысты. Мердігер мекеме «BAZIS CONSTRUCTION» ЖШС өкілдері 2024 жылы жаңа оқу жылында құрылыстың аяқтайтынын жеткізді.
Бүгінде №1 Рахат орта мектебінің сыйымдылығы өткір мәселе болып тұр. Оның үстіне 1500-ге жуық саяжайлық балалар Есік қаласына тасымалданады. Аталған мектеп пайдалануға берілсе, бірнеше мәселе оң шешімін таппақ.
Қазіргі таңда саяжай маңында заман талабына сай 1475 оқушыға арналған тағы бір орта мектеп бой көтеруде. Инвесторлар қаржысына салынып жатқан мектеп ағымдағы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Ғимаратқа ауызсу, көгілдір отын тарту мен кәріз жүйесіне қосылу қиындық тудыруда. Аталған жұмыстарға қосымша 280 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалады.
Сапар соңында мәслихат төрағасы Т.Байедилов пен мәжіліс депутаты Ж.Әшімжанов Есік қаласындағы 1500 орындық мектепті арнайы көруге барды. Бүгінгі таңда оқу ордасының құрылыс жұмыстары аяқталған. Мердігер мекеме «BI Global» ЖШС-нің өкілдері жаңа оқу жылында пайдалануға берілетінін айтты.
Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген мектепте балалардың сапалы білім алуы үшін кең дәліз, жабдықталған кабинеттер, заманауи спортзал жасалған. Білім бөлімі басшысының айтуынша, мектеп пайдалануға берілсе, Есік қаласындағы 3 ауысымда білім беретін мектептердің мәселесі толығымен шешіледі.
Алматы облысы құрылыс басқармасының тапсырысымен салынып жатқан білім ордасының құрылысына 5 млрд 700 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
Жаңа оқу жылы қарсаңында салынып жатқан мектептердің құрылыс барысы таныстырылып, жергілікті әкімдікке аталған нысандардың және «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектептердің құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.