
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қызметкерлері аймақтың жоба бойынша осылай өткізілгенін айтады. Яғни, жобада әлі үйлер салынбаған кең далаға электр желілерімен бірге жарық салынған. Әкімшілік әлі ешкімге пайдасы жоқ жарықтың қазіргі уақытта өшіп тұрғанын айтады. Дегенмен, ауданның кейбір көшелерінде жоқ жарықтың адам тұрмайтын жерге тартылғаны өрескел көрінді.
Сондай-ақ, салынғанына көп уақыт болмаған электр жүйелерін тарату пунктінің жағдайы да сын көтермейді. Темір құлып салынған тарату пунктін аудан тұрғындары тонап та үлгерген. Әкімшілік құқық қорғау органдарына шағым түсіргенімен, ұрлаған адам әлі табылмағандықтан келтірілген шығындар қайтарылмаған. «Бұл, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қызметкерлерінің жұмысқа салғырттығы»,-дейді облыстық мәслихат депутаты.
Ұйғыр ауданы бойынша газдандыру және ауыз су мәселесіне қатысты мониторинг жүргізуге барған облыстық мәслихат депутаттары Бағдаулет Үстенов, Әлия Ақжолтаева және облыстық мәслихаттың бас инспекторы Гүлнара Дускеева аудан әкіміне мәселені жеткізді.