
Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Дәулет Жарасбаевтың төрағалығымен сессия отырысы өтті. Сессияға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, өңір басшысының орынбасарлары, БАҚ-ры, аудан, қала әкімдері мен мәслихаттың хатшылары онлайн режимінде қатысты.
Жиын барысында Алматы облыстық мәслихатының 2021 жылғы 14 желтоқсандағы № 12-59 «Алматы облысының 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, Алматы облысының 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджеті, Облыстық және аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджеттердің арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі және Алматы облысының Іле ауданында «Гейт Сити серіктес қаласының бас жоспарына» түзетулер енгізу туралы мәселелер қаралды.
Соған сәйкес жоғарыда атап айтылған 3 мәселеге байланысты облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ораз Саматұлы, Іле ауданында салынып жатқан «Гейт Сити» жобасына байланысты облыстық сәулет және қала құрылыс басқармасының басшысы Болат Аманжолұлы баяндама жасады. Сессия соңын облыс әкімі Марат Елеусізұлы қортындылап, атқарылған жұмыс пен болашақ жоспарлары жөнінде айтып өтті. Бүгінде 3 ауысымды мектептерді жою, тұрғын үймен қамтамасыз ету, ирригациялық арналарды жөндеу, елді мекендерді газдандыру, сумен жабдықтау, жол жөндеу, бизнесті қолдау мәселелерін реттеу ісі тілге тиек етілді.
Сондай-ақ, облыс орталығының бас жоспары әзірленбек, аумағы 10,5 га «Жаңа Іле» әкімшілік-қоғамдық орталығының құрлысы жүргізілмек. Демек, бұл аумақта драма театр, Жастар үйі, Неке сарайы, Орталық стадион, перинаталдық орталық, концерт залы, мұражай, көп салалы аурухана және Халыққа қызмет көрсету орталығы орын теппек. Осы іспетті көптеген мәселелер тарқатылып айтылып, сессия отырысы қортындыланды. Жалпы бюджетке енгізілген өзгертілер мен толықтырулар бір ауыздан қолдау тапты.