
Асанбай Асқарұлы 1965-1978 жылдары Алматы облысын басқарған жылдары өңірдің экономикасы еселене өсіп, шаруашылығы қарқынды дами түсті.
Еліміздің оңтүстік өңірін электр қуатымен қамтамасыз етуге үлесін қосқан, суғармалы жерлердің аумағын арттыруға мүмкіндік берген Қапшағай су қоймасы және гидроэлектростанция салынды.
Қарадала, Шеңгелді, күртідегі Бозай аймақтары суландырылып, молшылық, береке мекеніне айналды. Балқаш өңіріндегі Ақдала алқаптары күріш өсіретін аймаққа айналды.
Қазақстанның картасында Қапшағай қаласы пайда болды.
Сол жылдары облысымызда жетпістен астам шаруашылық пен екі селолық, екі қалалық аудандар құрылған еді.
Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына арналған шаралардың Алматы облысы бойынша Ұйғыр ауданының аумағында өткізілуі кездейсоқ емес.
1974-76 жылдары Асанбай Асқарұлының бастамасымен Шонжы мен Нарынқолдың арасын қосып тұрған асуға жол салынып, көлікпен өтуге мүмкіндік жасалды. Бұл жоба жергілікті халыққа Шалкөде жайлауына тез жетуге мүмкіндік берді. Салтанатты шаралар бағдарламасының аясында ел арасында «Асанбай асуы» деп аталып кеткен асудың жолына белгі қойылып, салтанатты түрде ашылды.
Ауданы орталығы Шонжы ауылында облыс басшылығының, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Асанбай Асқаров облысты басқарған уақытта бірге қызмет атқарған азаматтардың, ғалымдардың, танымал мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ақын-жазушылардың, Алматы және Шымкент қалаларының, Жамбыл және Жетісу облыстарының делегаттарының қатысуымен республикалық конференция өтті.
Конференция барысында Асанбай Асқарұлының 100 жылдығына орай Алматы облысының мемлекеттік архивінің қорларындағы материалдардың негізінде дайындалған «Асанбай Асқаров жайында естеліктер» атты құжаттар жинағының тұсаукесері өтті.
Бұл жинаққа Асанбай Асқарұлына қатысты архивтік материалдармен қатар, туған-туыстарының, замандастарының, әріптестерінің естеліктері, ағамыздың шығармалары, сөйлеген сөздері мен сұхбаттары енген.