
2026 жылғы 3–4 тамыз күндері Алматы облысы Қоғамдық кеңесінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «МектепБақылау» жобасы аясында мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда қоғамдық мониторинг жүргізілді.Мониторингтің мақсаты – мектепке дейінгі ұйымдардағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тамақтандыру сапасын, санитариялық талаптардың сақталуын, медициналық қызметтің ұйымдастырылуын және материалдық-техникалық базаның жай-күйін бағалау.
Мониторинг барысында балалардың тамақтандыру жүйесі, азық-түлік өнімдерінің сапасы мен сақталуы, санитариялық жағдай, медициналық қызмет және құжаттамалардың жүргізілуі зерделенді. Нәтижесінде сүт өнімдерінің тәуліктік нормасының толық сақталмауы, ветеринариялық ілеспе құжаттардағы сәйкессіздіктер, бейнебақылау жазбалары арқылы салат порциясының бекітілген мөлшерден аз берілгені, сондай-ақ жекелеген азық-түлік өнімдеріне сертификаттардың болмауы сияқты кемшіліктер анықталды.Сонымен қатар бірқатар мектепке дейінгі ұйымдарда аумақтың тазалығы, топтық бөлмелердің талапқа сай жабдықталуы, медициналық кабинеттердің жұмысы және санитариялық жағдайдың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны оң тәжірибе ретінде атап өтілді.
Мониторинг қорытындысы бойынша ұйым әкімшіліктеріне анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюға бағытталған нақты ұсынымдар берілді.
Айта кету керек, «МектепБақылау» жобасы аясындағы қоғамдық мониторинг жұмыстары жалғасуда. Алдағы кезеңде мониторинг Алматы облысының барлық 9 ауданы мен 2 қаласындағы мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын қамтиды. Алматы облысы Қоғамдық кеңесі берілген ұсынымдардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстап, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған қоғамдық бақылау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырады.