
Қонаев қаласындағы Alatau Hub алаңында облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының ұйымдастыруымен көпшілік тыңдау өтті. Жиында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру барысы, Еңбекшіқазақ ауданындағы білім беру ұйымдарының балансындағы пайдаланылмайтын 6 коммуналдық меншік нысанын және Іле ауданындағы денсаулық сақтау саласына қарасты 1 коммуналдық меншік нысанын сауда-саттыққа шығару мәселелері қаралды.
Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мәди Ахметов өңірде жастарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және қоғамдық белсенділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Оның мәліметінше, биыл белсенді жұмыспен қамту шараларымен мыңдаған жас қамтылып, «Жасыл ел» бағдарламасы, жастар ресурстық орталықтары мен волонтерлік жобалар арқылы жастарды қолдау жалғасуда.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Диана Онбырбаева Еңбекшіқазақ ауданындағы пайдаланылмай тұрған алты коммуналдық меншік нысанын ашық сауда-саттыққа шығару ұсынысын таныстырды. Бұл нысандар жаңа мектептердің салынуына немесе оқушылар санының азаюына байланысты бос қалған әрі техникалық жағдайы ескірген ғимараттар екені айтылды.
Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Қайыржан Оңғаров Іле ауданындағы Ынтымақ ауылында орналасқан бұрынғы фельдшерлік-акушерлік пункт ғимаратын сауда-саттыққа шығару туралы баяндады. 1975 жылы салынған нысан жаңа амбулатория пайдалануға берілгеннен кейін қолданылмай, бүгінде техникалық жағдайы нашарлаған.
Тыңдау қорытындысында депутаттар мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру жұмыстарын жалғастыруды және пайдаланылмай тұрған коммуналдық меншік нысандарын заң талаптарына сәйкес ашық сауда-саттыққа шығаруды бірауыздан қолдады.