Өңіраралық әріптестік және рухани сабақтастық

Өңіраралық әріптестік және рухани сабақтастық

Красногорск қаласында Мәскеу және Алматы облыстары кәсіпкерлерінің бизнес-форумы өтті

Красногорск қаласында Мәскеу облысы мен Алматы облысы кәсіпкерлерінің қатысуымен іскерлік ынтымақтастыққа арналған бизнес-форум өтті. Іс-шараға Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьёв, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәурен Абаев қатысты.

Форум барысында екі өңір арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мақсатында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Тараптар өңірлердің экономикалық құрылымындағы ұқсастықты атап өтіп, сауда, логистика, білім беру және мәдениет салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті екендерін білдірді.

Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған салтанатты іс-шара Мәскеуде өтті

Мәскеу қаласындағы «Геликон-Опера» музыкалық театрында қазақтың көрнекті композиторы, дирижёр, Қазақстанның Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерейтойлық кешке Ресей мен Қазақстанның мәдениет қайраткерлері, өнерсүйер қауым, сондай-ақ қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Іс-шара аясында композитордың шығармашылығына арналған концерт ұйымдастырылып, оның кеңінен танымал күйлері мен вокалдық туындылары орындалды.

Мерекелік кешке Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғоджаев қатысып, өнер мен мәдениетке көрсетілген жоғары құрметтің куәсі болды.

Айта кетейік, Нұрғиса Тілендиевтің музыкалық мұрасы Қазақстан аумағынан тыс елдерде де кеңінен орындалып, халықаралық сахналарда үлкен сұранысқа ие болып келеді.