Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы - шекарасыз өнер

Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы - шекарасыз өнер

Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында Қазақ музыка өнерінің алыбы, әйгілі композитор, дирижер әрі Қазақстанның Халық артисі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Әлқисса» шығармашылық кеші жоғары деңгейде өтті.

Бұл тағылымды шара қазақ пен қырғыз арасындағы мәдени байланыстарды тереңдетіп қана қоймай, өнер атаулының шекараға бағынбайтын, халықтарды жақындастыратын ұлы күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Игі бастама аясындағы мерекелік кешке Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғоджаев, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары арнайы қатысып, өнер мен руханияттың үлкен құрметіне куә болды.

Сазгердің сырлы әлемін тереңнен танытқан «Әлқисса» кеші Нұрғиса Тілендиевтің туған топырағы – Алатау баурайынан бастау алған киелі әуендердің әуезді үнімен өріліп, көрерменді рухани саяхатқа бастады.

Сахна төрінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, композитордың қызы Дінзухра Тілендиева дирижерлік еткен оркестр халық жүрегінен орын алған, ұлттық рухқа толы шығармаларды әуелете орындап, көрерменнің көңілінен шықты.

Мерейтой аясындағы кеште Қазақстанның Халық артисі, күйші Секен Тұрысбек, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Әшіров, Алматы облысының үздік өнерпаздары және Қырғыз Республикасының Еңбек сіңірген артистері сахнаға шығып, қос халықтың өнерін тоғыстырған ерекше қойылымдармен мерекенің мәртебесін асырды.

Бұл кеш - ұлы сазгерге деген шексіз құрметтің белгісі ғана емес, бауырлас екі ел арасындағы мәдени алмасудың көркем көрінісі ретінде есте қалды.