Парламент депутаттары Алатау қаласының даму жоспарымен танысты

Парламент депутаттары Алатау қаласының даму жоспарымен танысты

Алатау қаласында Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарының жергілікті активпен кезекті кездесуі өтті. Кездесу жаңа қала дамуының перспективаларына арналды, онда өңірді дамытуға бағытталған маңызды бастамалар жүзеге асырылатын болады.

Кездесуге Парламент депутаттары Жанболат Жөргенбаев, Марат Қожаев, Жанарбек Әшімжанов, Максим Рожин және облыстық мәслихат депутаты, тұрақты комиссия төрағасы Махаббат Бигелдиев қатысты.

88 мың гектар аумақты алып жатқан Алатау қаласы қазірдің өзінде Алматы қаласының аумағынан (68 200 гектар) үлкен. Оңтүстік астананың маңында орналасқан бұл қала заманауи мегаполис ретінде жоспарланып отыр, онда озық инфрақұрылым, «ақылды» технологиялар және тұрақты экономика болады. 2024 жылғы мамырда бекітілген даму генеральдық жоспары 2050 жылға дейінгі Алатаудың өсу стратегиясын анықтайды.

Халық қалаулылары ауқымды жобаларды іске асыру үшін орталық және жергілікті билік органдарының үйлесімді жұмыс істеуінің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Алатау қаласының әкімі Аркен Үтенов стратегиялық бастамаларды таныстырды. Оларға мыналар жатады: көлік инфрақұрылымы — заманауи жолдар, жол тораптары және қоғамдық көлікті салу; тұрғын үй және жайлы орта — әлеуметтік нысандармен бірге тұрғын кварталдарды дамыту; экономика және инвестициялар — бизнесті тарту, жұмыс орындарын құру; экология және «ақылды қала» — жасыл технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу.

— Алатау болашақтың үлгілі қаласына айналуы тиіс, ол қарқынды даму мен жоғары өмір сүру сапасын үйлестіреді, — деді жаңа қала басшысы.

Депутаттардың Алатау қаласының активімен кездесуі және оның стратегиялық міндеттерін талқылауы жаңа қаланың Қазақстанның экономикасы мен әлеуметтік саласын дамытудағы өзектілігін растады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылып жатқан Алатау адам капиталы, бизнес және инновациялар үшін жаңа тартымдылық орталығына айналуға барлық мүмкіндіктерге ие.