Облыстық мәслихат депутаттары әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын бақылады

Облыстық мәслихат депутаттары әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын бақылады

Алматы облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғоджаевтың басшылығымен мәслихат депутаттары Дәулет Жарасбаев, Болатжан Нұрбеков, Нұрбол Әлиев, Нұрбақыт Бокыбаев, Абдуманап Илахунов және Әлия Ақжолтаева пайдалануға берілген және салынып жатқан бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын бақылау мақсатында жұмыс сапарымен Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарына барды.

Сапар барысында депутаттар 13 нысанды аралады. Анықталған негізгі мәселелердің бірі - құрылыс жұмыстарының қарқынының өте төмендігі. Кеген ауданындағы Торайғыр және Қопалы каналдары, Қарқара ауылындағы өрт сөндіру депосы, Райымбек ауданының Сарыжаз ауылындағы «Қабанды» тоспасы және Ұйғыр ауданының Ақтам ауылындағы дәрігерлік амбулаториясында мердігер ұйымдардың құрылыс жұмыстарының сапасы белгіленген талаптарға сәйкес орындамағаны және баяу жүргізіліп жатқандығы белгілі болды.

Сондай-ақ, Кеген ауданында Кіші Қарқара медициналық пункті (2018 ж.) мен Кеген ауылындағы «Балауса» балабақшасы (2013 ж.) пайдалануға берілген. Алайда сапасыз құрылыс салдарынан апаттық жағдайға түскен.

Қалған нысандарда ұсақ кемшіліктер анықталып, қолданылған құрылыс материалдарының стандарттарға сай еместігі белгілі болды. Аталған нысандардың толық пайдалануға берілуі үшін қосымша жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары қажет.

Жалпы, құрылыс сапасы мен мерзімдеріндегі бұзушылықтар мемлекеттік бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына кері әсерін тигізуде. Негізгі себептер ретінде авторлық және техникалық қадағалау жұмыстарының жүргізілмеуі, құрылыс қарқынының төмендігі, сапасыз материалдардың пайдаланылуы және құрылыс нормаларының сақталмауы атап өтілді.

Аталған мәселелерді жою мақсатында мердігер ұйымдарға барлық анықталған кемшіліктерді жою және құрылыс сапасын арттыру жөнінде тиісті шаралар қабылдау тапсырылды. Құрылыс материалдарының мемлекеттік стандарттарға сай болуы, жұмыстардың құрылыс нормалары мен белгіленген мерзімдерге сәйкес орындалуы, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалаудың жүйелі жүргізілуі қамтамасыз етілуі тиіс. Анықталған кемшіліктер бойынша ақпарат облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтың назарына ұсынылды.