Алматы облысында 6 жаңа мектеп ашылды

Алматы облысында 6 жаңа мектеп ашылды


Талдықорған. 1 қыркүйек-Алматы облысында жаңа мектептердің құрылысы жалғасуда. Бұл мәселеде ауылдық жерлерге ерекше көңіл бөлінеді. Білім күні Алматы облысында оқушылар алты жаңа мектептің табалдырығын аттады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY. Талдықорған қаласындағы Абай атындағы №1 мектеп-гимназиясының есігі күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды, биыл мектеп 48-ші рет оқушыларын қарсы алуда. Бірінші сыныпқа №1 мектепке 174 бала қабылданды, олармен бірге биыл алғаш рет облысымыздың 50 мыңға жуық бірінші сынып оқушылары партаға отырады.

Сондай-ақ Білім күні Алматы облысының Іле ауданында үлкен оқиға болды: Қарой, Боралдай және Қосөзек ауылдарындағы үш жаңа мектеп салтанатты түрде есігін айқара ашты. Панфилов ауданы Аққұдық ауылының оқушылары үшін 120 орындық жаңа мектепке қоңырау соғылды. Қарасай ауданының Батан ауылындағы 450 орындық жаңа оқу орны да балалар дауысына толды. Ескелді ауданының Абай ауылындағы 25 балаға арналған мектепке дейінгі шағын орталығы бар 180 орындық орта мектептің құрылыс жұмыстары аяқталды. 2021 жылдың соңына дейін 2700 орындық тағы үш мектептің құрылысы аяқталуы тиіс. Бүгінгі таңда олардың құрылысы Іле ауданының Жапек батыр ауылында, Қарасай ауданының Үштерек ауылында және Талғар қаласында жүріп жатыр. Биыл 19 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өту маңызды. Оқу жылы басталғанға дейін 9 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. 2021 жылдың соңына дейін облыстың тағы 9 мектебіне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Естеріңізге сала кетейік, алдағы оқу жылы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, дәстүрлі форматта өтеді. Вирустың балалар арасында таралуын болдырмау үшін барлық мектептер қауіпсіздік шараларын ұстанады. Алматы облысы білім басқармасының мәліметінше, 52 мыңнан астам мұғалім коронавирусқа қарсы вакцина алған.